Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Қазақстан құтқарушыларын кәсіби мерекемен құттықтады

Президент Қазақстан құтқарушыларын кәсіби мерекемен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін Құтқарушы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Кazinform.

«Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін Құтқарушы күнімен құттықтаймын! Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға бақ-береке тілеймін!», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев парақшасына.

Сондай-ақ ел құтқарушыларын Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов құттықтады.

«Соңғы уақытта тек біздің елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де болып жақан төтенше жағдайлар, біздің жүйе үшін үлкен сынақ болды.

Біздің құтқарушыларымыз гуманитарлық миссия атқару аясында Түркия мен Ауғанстанда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізгенін ерекше атап өткім келеді. Кәсіби біліктілік деңгейі, жылдар бойы жинаған тәжірибесі, ең күрделі міндеттерді пысықтау жылдамдығы мен шапшаңдығы жағынан біздің құтқарушыларымыз үздіктердің қатарында болды.

Сондықтан біздің азаматтарымыз ТЖМ қызметкерлерінің кез-келген уақытта күні-түні көмекке келуге дайын екенін, әрбір адамды құтқару үшін зілзаламен күресіп, тіпті өз өмірін қиятынын біледі», – деді ол.

Айта кетейік, Құтқарушылар күні Қазақстанда жыл сайын 19 қазанда аталып өтеді. Кәсіби мерекенің бекітілуі елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық мемлекеттік комитеттің құрылуымен байланысты.

syrboyi.kz
19 қазан 2023 ж. 288 0