Ұлттық рухты көтеретін мереке

Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек,Республика күні "Ұлттық мереке" болып алғаш рет 1995 жылы 18 қазанда жарияланған болатын. Алайда ғұмыры ұзаққа бармады. Алты жылдан кейін бұл мәртебеден айырылып, "Мемлекеттік мереке" санатына өтті, ал 2009 жылы сәуірде "Мерекелер туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес Қазақстанда Республика күні мерекелер тізімінен алынып тасталды.
Дегенмен 2022 жылдың маусым айында өткен ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды» деген еді.Сол жылдан бастап Қазақстан Республикасының жалғыз ұлттық мейрамы ретінде «Республика күні» аталып өтіледі.
Еліміздің егемендік елдігі іспеттес болған бұл күнге жету оңай болмады. «Тар жол, тайғақ кешу» уақыты аз болмады, дегенмен теңдіктің туын көкке көтерген ата-бабамыз сан ғасырлар бойы азаттықты аңсап өтті. Қазақтың қаншама ардақтылары, арыстары осы жолда өз жандарын қиған болатын. Ереуіл атқа ер салған, елім деп өткен есіл ерлердің өмірлік жолдары бүгінде тарихтың қалың беттерінде тайға таңба басқандай жазулы тұр. Олардың қиын соқпақтарда сынбаған сағы, езілмеген еңсесі өскелең ұрпаққа мәңгілік өнеге. Сол өнеге бүгінгі жастарға күш-қуат беруі керек. Олардың азаттықтың мәнін түсініп, оны қастерлеуін, өз елінің патриоты болуының себепкері болуы тиіс. Ол үшін ұлттық тәрбиенің басты назарда болғаны абзал.
Қазіргі таңда еліміз дамушы мемлекеттердің қатарында. Инновациялық-технологиялық дамудың жолында, өзіндік саяси бағыт-бағдары, экономикалық үдерісі бар мемлекет. Алдағы уақытта да бұл жолда жасалатын өзіндік жоспары, ерек құрылымы бар. Иық тіресетін елдер саны артып, өзінің дамуын ширату үстінде. Осының барлығы елдігіміздің, мемлекет болып қалыптасуымыздың арқасында.
Қай елдің болмасын егемендігі – ең басты байлығы. Оны сақтап қалу, келесі ұрпаққа оның қасиетін білдіру – біздің міндетіміз. Тәуелсіздіктің ғұмыры баянды болуы үшін де бұл мейрамның маңызы зор. Қазақстан Республикасы күні мерекесі – бұл жасалған істерді қорытындылау және жаңа көкжиектерді белгілеу күні.
Осы мерейлі күнде барша қазақстандықтардың егеменді еліміздің одан әрі табыс пен даму, бейбітшілік пен жақсылық жолында өркендеуін тілейміз.
Г. САҚТАПОВА