Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абаев мемлекеттік сайттардың жабылатындығын мәлімдеді

Абаев мемлекеттік сайттардың жабылатындығын мәлімдеді

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тағы бір тың жаңалығымен бөлісті. Енді Қазақстанда мемлекеттік органдар үшін бірыңғай сайт қана жұмыс істейді, ал қалғандары жабылады.  Аталған жүйеге мемлекеттік органдар порталдары мен өңірлік әкімдіктердің порталдары кірмек. Министрлік коллегиясының кеңейтілген отырысында: "Биыл біз мемлекеттік органдар үшін бірыңғай gov.kz интернет-порталын құрастырамыз. Жүздің орнына бір сайт. Барлық қаржыландыру жабылады және тек жалғыз портал аясында болады. Бұл портал қазір тестілеуден өтіп жатыр. Ол бірінші кезекте тұтынушылардың мүддесі үшін жұмыс істейтін болады. Бүкіл министрлік пен мемлекеттік қызметтер сонда болады. Арнайы бөлім жаңалықтардың жаңартылуын бақылайтын болады. Осының барлығы қоғамдық сотқа шығарылады және менің ойымша бұл сәуірде болады", - деді Абаев. Осылайша, мемлекеттік сайттарды ұстауға жұмсалатын миллиард теңгені үнемдеуге тырысқан министр, мұның тиімді екендігін айтып отыр. "Бірте-бірте екі жыл ішінде біз қалған барлық мемлекеттік сайттарды жабамыз. Бұл қаражатты айтарлықтай үнемдеу болып табылады және сапа өседі. Мемлекеттік органдар техникалық міндеттер үшін емес, жаңарту үшін емес, контент үшін жауап беретін болады. Министрлік екі бөлікке жауап береді: жаңалықтар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үшін", - деген министр, бұл шешімнің революциялық екенін айтып, ақпаратқа қолжетімділікті жақсартатындығын алға тартты. Сарапшылардың пікірінше, Абаевтың мұндай ұсынысы бір жағынан өте орынды. Себебі, қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі керек ақпараттарды БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілерден жылдам алады. Оның үстіне қандай да бір оқиға болған кезде үнсіз отыратын биліктегілердің порталдары белсенді түрде жұмыс істеп отыр деуге келмейді. Алайда, тағы бір кереғар тұсы да бар екендігі рас. Өйткені, әрбір мемлекеттік орынның порталдарына тұрғындар өз шағымдарын жолдауына мүмкін болған. Енді біріңғай сайт бұл тұрғыда қалай болатындығы белгісіз. Жан айқайын жеке порталдарға жазып жеткізе алмай жатқан жұртшылық, кері байланыс болмайды деп безек қағуда.
20 ақпан 2019 ж. 705 0