Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралды

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Үкіметінің агроөнеркәсіп кешені туралы кеңес отырысында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қабылданатын және жоспарланған шаралар талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Кеңес отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа осы бағытта өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған, Жол картасында қамтылған жаңа тәсілдерді толық қолдаймыз. Өңірде әртараптандыру бағытында биылдың өзінде күріш алқаптарын 5 мың 100 гектарға қысқартып, мал азығындық дақылдар мен көкөніс, бақша егісі көлемін көбейту жоспарлануда. 2028 жылға қарай күріш көлемі 72 мың 200 гектарға дейін оңтайландырылады. Су үнемдеу технологиясымен егілетін мал азығындық және жүгері, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 47 мың 300 гектарға ұлғаяды. Күріштің егіс көлемі азайғанмен, агротехнологияларды қатаң сақтау, минералды тыңайтқыштарды өз деңгейінде пайдалану, тұқым сапасын жақсарту, жаңа сорттарды өндіріске енгізу арқылы өнімділігін 20-25 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Осының есебінен жыл сайын 450-460 мың тонна күріш өндіру көзделуде. Бұл еліміздің күрішке қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және экспорттық әлеует сақталады. Егісті әртараптандыру, агротехнологияларды жақсарту шаралары жеңілдетілген несиелендіру, субсидиялау секілді мемлекеттік қаржылай қолдауды қажет етеді. Дайын жобаларымыз бар», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы статистикалық мәліметтерді өзектендіру, мал басын арттыру, Жол картасында бекітілген индикативтерге қол жеткізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Кеңес отырысынан кейін арнайы мәжіліс өткізген аймақ басшысы Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіндегі аграрлық саланың орны мен маңызы туралы айтты.
«Мемлекет тарапынан жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығының даму қарқынына оң әсерін тигізуде. Өткен жылғы 18,2 млрд. теңге биыл 6,7 млрд. теңгеге артып 24,9 млрд. теңгені құрады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығында 220,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 3,7 пайыз артты. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция 19,7 пайыз, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 14,3 пайыз өсті. Жалпы өнім бойынша жылдық жоспар 192,7 млрд. теңгені құраса, өткен жылдың қорытындысымен жоспардағыдан 31,3 млрд. теңгеге артық болды, облыс көрсеткіші республикада 2-орыннан көрінді», – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте жауапты басшыларға ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемін арттыру, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, егін егуге ынталы отбасыларға жер учаскелерін дайындау міндеті жүктелді.
Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне статистика департаментімен бірлесіп, саладағы барлық көрсеткіштерді нақты жағдайға келтіріп, өзектендіруді тапсырды. Жол картасындағы жоспарланған шаралардың мерзімінде орындалуы, инвестициялық жобаларға қайта талдау жүргізу, 2024-2028 жылдары жүзеге асырылатын жобалар пулын қалыптастыру аса маңызды. Сондықтан шағын несие және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, инвестжобалардың қаржылық мәселесін шешуге ықпал жасау керек.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
24 қаңтар 2024 ж. 402 0