Аралға назар аударылса

Әрине, балық шаруашылығы туралы сөз болған жерде Қызылорда облысы Арал ауданының балық шаруашылығы мәселесін көтермеске болмайды. Мұны Мәжіліс депутаты М.Жайымбетов те айтты. Аталған жобаның тұсаукесерінде әзірлеуші министрлік тарапына өз сұрақтарын жаудырған депутат:
– Балық шаруашылығын дамыту үшін Кіші теңіздің суына мән беруіміз қажет. Мен жылдан-жылға азайып келе жатқандығын үнемі көтеріп жатырмын.Өздеріңіз білесіздер, су азайған сайын судың тұздылығы да жоғары болады.Балық өмір сүру үшін тұздылық 12 промилден аспау қажет. Бұдан жоғары болса, балықтың өсімі болмайды. Қазір Аралда тұздылықтын мөлшері 12 промилден жоғары. Осының салдарынан балықтын қоры азайып бара жатыр. Ал, балық аулау лимиті өзгермейді.Негізінде судың мөлшері азайған сайын соған сәйкес балық аулау лимиті де өзгеріп отыру қажет. Сондай-ақ, балық шаруашылығының ғылыми өндіріс орталығы бар. Солардың берген қорытындылары мен мәліметтері есепке алынбай жатады. Негізі алу қажетпіз. Бұл – үлкен мәселе, – деді.
«Елде болса ерінге тиеді» демекші, ауданда балық белгіленген лимитке сай ауланып тұрса шаруашылық шатқаяқтамаған болар еді. Алайда бүгінгі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Әрине, басты себеп Кіші Арал теңізінің тұздылығының артып барады. Бұл жергілікті билік қолға алып шеше салатын мәселе емес. Әлемдік деңгейде назар аударылмаса экологиялық апат аймағының жағдайы күрделене бермек. Сондықтан келмеске кеткен Арал теңізінің Кіші Арал бөлігін сақтап қалу және ондағы балық қорларының жойылып кетуіне жол бермеу үшін нендей жұмыстар атқарылып жатыр деген заңды сауал туындайды. Бұған жауаптың сала мамандарының айтар пікірі де, берер уәжі де мардымсыз күйде қалып отыр. Бір анығы,«Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы бастау алып, теңізді аңсаған аралдықтардың қуанышы еселенді.
– Алдымен Арал теңізінің арқасында қаншама халық күн көріп отырғанын ескерсек. Сол Аралдың өзінде 9 балық өндірісі (зауыт) 20-ның үстінде шағын цехтар бар. Мұнда 2500-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Егер тұздылығы жоғарыласа, өнім азая бастайды.Сол зауыттар 24 000 тоннаға дейін қуаттылықта өндіруге күші жетеді. Мүмкіншілігіміз бар.Осыған байланысты сала министрлігі қандай іс-шаралар атқарып жатырсыздар? Тұздылыққа шыдайтын балықтың түрлерін (камбала, пилингас)жерсіндруге мүмкіндік барма? – деді мәжілісмен.
Балық шаруашылығында тағы бір мәселе бар. Ол – браконьерлік. Заңсыз балық аулау фактісі әлі де тыйылмай келеді. Арал халқының тіршілігі осы шаруамен байланысты болғандықтан жылым майлатып, тіршілік жасағысы келетін жандар жеткілікті. Дегенмен, олардың бұл әрекеттері көп жағдайда заңсыз болып жатады. Бұл әрекеттері әшкере болған кезде заңсыз ауланған балықтар көбіне тұрып қалып жатады. Нәтижесінде балық бұзылып, белгіленген лимит мөлшері толық орындалмай жатады. Балық шаруашылығына қатысты мәселеде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Жайымбетовтің назарынан осы жағдайлар да тыс қалмады.
– Браконерьлердің ұстаған балығын цехтардағы мұздатқышқасақтайды. Оның сот және бағасын шығарамын дегенше 7-8 айға созылып кетеді. Ал, балықты бағалау үшін жергілікті бюджеттен қаражат кетеді. Созбалаңнан кейін тонналаған балықтар жарамсыз болып қалады.Бюджеттен ақша шыққан соң тәркіленді ме, бірден сол өңірдегі зауытпен келісе отырып, бағасын шығарып сату қажет деп санаймын.Әйтпесе шіріген, жарамсыз балықты ешкім алмайды. Далада қалады. Не бюджет ақшасы жоқ, не балық жоқ.Осы механизмді оңтайландыру үшін не істуеге болады? – деді Мәжіліс депутаты.
Иә, өкініштісі мұндай маңызды басқосуға тиісті министрлік өкілдерінің дайындықсыз келетіндігі көп жағдайда мәселенің жабық күйінде қалуына түрткі болады. Соңында көтерілген мәселеге жазбаша жауап берілетіндігі айтылып жатады. Бұл жолы да солай болатындығы сезілді. Себебі мәселеге жауапты сала өкілдерінен тұщымды жауап болмады.
«Толқын» ақпарат