Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент: Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет

Президент: Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Бүгінгі жиында Үкіметтің өткен жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, жаңа мақсаттар мен міндеттер айқындалады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін біз былтыр атқарылған жұмысты қорытындылаймыз. Сондай-ақ алдағы кезеңнің басты міндеттеріне тоқталуымыз керек. Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алдыңғы Үкімет осы бағытта біраз жұмыс істеді. Кеше мен бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайыловқа алғысымды білдірдім. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Президент Үкімет алдында тұрынған негізгі мақсаттарға тоқтала кетті.

«Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек», деді Мемлекет басшысы отырыс барысында.

Фото: egemen.kz
07 ақпан 2024 ж. 111 0