Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір бесінші қазақстандық әлеуметтік көмек алады, масылдыққа жол бердік – Президент

Әрбір бесінші қазақстандық әлеуметтік көмек алады, масылдыққа жол бердік – Президент

Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Бюджет қаржысы шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға берілуі керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Реформа жүргізгенде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Қазіргі таңда 4,5 миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек», - деді Президент.

Оның айтуынша, тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет.

«Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: Ақорда 
07 ақпан 2024 ж. 332 0