Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірі үздік аймақ атанды

Сыр өңірі үздік аймақ атанды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте 2024 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Үкімет отырысында жаңадан тағайындалған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев және Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ант берді.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың баяндауынша, есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9% құрады. Аймақтар арасында ең үлкен өсім Сыр өңірінде тіркелді.
«Өңірлер арасында барлық 7 даму көрсеткіші бойынша 3 өңірде, яғни Қызылорда, Павлодар облыстары мен Астана қаласында үздік өсім тіркелді», – деді Н.Байбазаров.
Бірінші айдың қорытындысын өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда құрылыс саласындағы өсім 210,9%, тұрғын үйді пайдалануға беруде 127,3%, өңдеу өнеркәсібі саласы мен жеке инвестициялар бойынша 122,1% болды.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, мән-жайды нақтылап, тиісті тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы алғашқы ай қорытындысымен даму қарқыны баяулаған салаларда жұмысты жандандыруды тапсырып, бюджет қаражатын игере алмаған басшылар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
«Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің игерілуі қаралды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға төмендеген. Былтыр кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68 257 болса, биыл 66 061. Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдеріне, облыстық бағдарлама әкімшілеріне ай сайын жоспарланған қаражатты толығымен игеруді қатаң тапсырамын. Қаржының игерілуі төмен болса, жұмыс сапасыз орындалса бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатын болады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
14 ақпан 2024 ж. 343 0