Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАС МАМАНДАРҒА ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВКЕ ІРІКТЕУ БАРЫСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ЖАС МАМАНДАРҒА ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВКЕ ІРІКТЕУ БАРЫСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Арал ауданы әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаев аудандағы мемлекеттік мекемелердегі әкімшілік жүйеде қызмет ететін жас мамандармен кездесу өткізді.
Кездесуде аппарат басшысы алдымен 1 наурызда басталатын Өңірлік кадр резервінің маңыздылығына тоқталып, іріктеу талаптарын түсіндірді.
Өңірлік кадрлық резервтің басты мақсаты - әр өңірде талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар, жас басқарушылардың тобын қалыптастыру.
Жиында Нұрмұхамет Омарұлы іріктеу осы жылдың наурыз айынан басталып, маусым айына дейін жалғасатынын, кандидаттардың құжаттарын қабылдау наурыздың аяғына дейін onir.pkrezerv.gov.kz. сайтында жүзеге асырылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, іріктеуді облыстың Кадр комиссиясы жүзеге асыратынын жеткізді.
«Жоба нәтижесімен Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, онлайн-платформада жарияланып, 2 жыл бойы резервте тұрады. Бұл өз кезегінде мамандардың осы уақыт аралығында облыс көлемінде тест тапсырмай, конкурс өткізілместен «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға мүмкіндік береді», -деді, аппарат басшысы.
Басқосуда Нұрмұхамет Омарұлы өз еңбек жолының сатылап өсу барысында жеткен жетістіктері мен берілген мүмкіндіктер туралы жастармен ой бөлісті. Мамандарға мемлекеттік қызметке орналасуда барша қолдау шаралары көрсетілетінін де тілге тиек етті.
Оған қоса, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде пара беру және пара алу, бюджеттің қаржысын тиімсіз жұмсау, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу және осы мәселелерге итермелейтін жағдайлар туындаған сәтте жеке басқа тартылатын қылмыстық жауапкершіліктер туралы түсіндірді.  
Бұдан бөлек, жастарды қазіргі таңда белең алған лудоманияға яғни құмар ойынның шырмауына түспей, бар күш – жігер мен ынтаны білікті маман болуға жұмсауды ескертті.

Сондай-ақ, көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында әрбір азаматтың активтер мен міндеттемелер декларациясын тапсыру маңыздылығына да тоқтала өтті.
Айта кетейік, іріктеуге қатысу үшін құжаттар тізімі туралы ақпаратты және басқа мәліметтерді (onir.pkrezerv.gov.kz) онлайн-платформадан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің www.qyzmet.gov.kz интернет-ресурсында, сондай-ақ Департаменттің әлеуметтік парақшаларында kyzylorda.onir.rezerv.kz  және аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын мен келесі телефондар арқылы: 8-(7242)-70-57-37 алуға болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
17 ақпан 2024 ж. 235 0