Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңнамаларға енгізілген өзгерістер сот жүктемесін оңтайландырады

Заңнамаларға енгізілген өзгерістер сот жүктемесін оңтайландырады

Елбасы өткен жылғы  5-қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сот жүйесін жетілдіруге қатысты пікірлер айтып,  судьяға артылатын жүктемені азайтып, сапаға мән беруді тапсырған болатын.Осы бағыттағы шараларды іске асыру мақсатында, үстіміздегі жылдың  21-қаңтарында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Аталмыш Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді.
 Осы толықтырулардың ішіндегі сот  жүктемесін оңтайландыруға бағытталған түзетулерге тоқталсақ, Азаматтық процестік кодексіне және «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, бұйрық арқылы іс жүргізудің 18 талабының 9-ы нотариатқа берілді. Бұл мысалы, жалақыны өндіріп алу туралы, коммуналдық қызметтер бойынша берешектерді өндіріп алу туралы және т. б. талаптар. Мысалы судья, егер талапты нотариаттық жазба бойынша жүргізуге болатын болса, іс бойынша талап арызды қайтара алады. Егер талапкер даудың болуын талап етсе, судьяның талапкерге іс бойынша сот шығындарын жүктеуге құқығы болады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 378 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына атқарушылық жазбаларды жасау мәселесіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер қатары нотариустың атқарушылық жазбаларды жасауымен толықтырылған болатын. Қазіргі таңда енгізіліп отырған толықтырулар осы атқарушылық жазба институтын одан әрі дамыта түсетін болады.

Заң бойынша нотариус атқарушылық жазба жасағаны үшін жеке тұлғалардан ақшаның 0,2 пайыз, заңды тұлғалардан 1 пайызын өндіріп алады.  Бұл азаматтар үшін жылдам әрі арзан қызмет болмақ.

«Нотариат туралы» заңға сәйкес, нотариус алдымен құжаттарды тексереді. Барлығы дұрыс болса, атқарушылық жазбасын рәсімдеп, бір данасын борышкерге жібереді. Ол өз кезегінде он күн ішінде өз қарсылығын білдіруге құқылы. Қарсылық болса, екі жақ сотта кездеседі. Ал қарсылық болмаса, атқарушылық жазба сот орындаушыларға жіберіледі. Негізі, соттың бұйрығы да солай жасалады. Бірақ оған үш күн кетеді. Ал нотариус бірден атқарушылық жазбасын рәсімдеп бере алады. Атқарушылық жазба болсын, сот бұйрығы болсын, екеуінің заңды күші бірдей. Сот орындаушылары екеуін де орындауға міндетті.
Сонымен қатар, тараптардың келісімдеріне негізделген 10 талап оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден соттың бұйрықтық іс жүргізуіне берілді.
Ал оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде  талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – жеті жүз айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер, азаматтар үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша сомаларын өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша және талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау ғана қалды.
Бұдан басқа сот орындаушыларының жекелеген қаулыларын санкциялау соттан прокурорларға беріледі. Бұл сот орындаушылардың банк шоттарының нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты талап ету туралы; борышкердің мүлкіне, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғаның банктердегі ақшасына тыйым салу туралы қаулыларын санкциялау.
Соттарда борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының Қазақстан Республикасынан шығуына шектеулер және борышкерді мәжбүрлеп алып келуді санкциялау түрлері қалады.
Осылайша соттан даусыз істерді алу, судьяларға жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін үлкен маңызы бар нақты дауларды шешуге мүмкіндік беретін болады.
Бекетаев Нұржан Нұрадинұлы
Арал аудандық сотының
төрағасы міндетін атқарушы.

27 ақпан 2019 ж. 1 239 0