Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 80 отбасы баспаналы болды

Қызылордада 80 отбасы баспаналы болды

Қызылордада Наурыз мейрамы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты алдағы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деп атап өткен болатын. Халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылуда. Өткен жылы 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмірінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты болады. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде 172 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы аптада «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 отбасына үй кілті табысталады. Бұл - тұрғындар әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекет қолдауының нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Рәсімде Арайлым Тілеубай қоныстой иелері атынан қуанышын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов ақ батасын берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Айта кетейік, бүгін сол жағалауда үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Нысан «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге салынады.


Сурет: ашық дереккөз 
22 наурыз 2024 ж. 304 0