Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аз қамтылған отбасының балаларына жәрдемақы 23 жасқа дейін төленеді – министр

Аз қамтылған отбасының балаларына жәрдемақы 23 жасқа дейін төленеді – министр

Бұл жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында айтты.

«Аз қамтылған отбасының балаларына берілетін жәрдемақы өзгереді. Егер бірінші шілдеге дейін ол 4 834 теңге болса, бірінші шілдеден бастап 20 789 теңге болады. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Бұған қоса, ата-анасының табыстары күнкөріс деңгейінен кем болса, қосымша жәрдемақы төленеді», - деді Сапарбаев.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде халыққа ыңғайлы болу үшін, азаматтарды бекерден бекер сандалтпау үшін сұралатын құжаттардың саны азаяды. Яғни, құжат жинау рәсімі барынша жеңілдетіледі.
Кеше «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке еліміздегі бірқатар әлеуметтік мәселені шешуді тапсырды. Олардың қатарында аз қамтылған, мүгедек баласы бар, толық емес және көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары бар.
«Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы балалы отбасыларды қолдау үшін көпбалалы жанұялардағы әр балаға ең төменгі төлемді 20 789 теңге сомасында бекіту керек. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 830 мың адам қамтылады, оның 550 мыңға жуығы – балалар. Бұнымен қатар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) берілетін жердемақыны 30 процентке ұлғайтуды тапсырамын», - деді Съезде Назарбаев.
Президент бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырды. «Олардың басым бөлігі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс. Осы мақсатқа алдағы 7 жылда қосымша жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлінеді» деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы табысы төмен, мүгедек балалары бар, көпбалалы отбасылар мен толық емес жанұялар үшін баспанаға қол жетізу мүмкіндігін арттыруды, азаматтардың бұл санатына ТҮҚЖБ арқылы жылына 2-3 процентпен тұрғын үй заемдарын беру механизмін әзірлеуді тапсырды.
Ел президенті сондай-ақ, биылғы шілдеден бастап еңбекақысы төмен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 30 процентке ұлғайтуды тапсырды.
Аталған жиын барысында Бердібек Сапарбаев биыл 830 мың адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатынын айтты. 

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

baq.kz
28 ақпан 2019 ж. 1 878 0