Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының республикалық форумы өтіп жатыр

Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының республикалық форумы өтіп жатыр

Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының 2-республикалық форумы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараға еліміздің аймақтарынан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген медиа мамандар келді.

Форумға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазбек Иса мен Ермұрат Бәпи, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков қатысты.

«Дәстүрлі баспасөздің дамуы ақпараттық технологиялардың дамуы кезеңінде өте маңызды болып отыр. Әсіресе жергілікті жерлердегі журналистердің әмбебаптығы деген мәселе қазір алға шықты», - деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қазақ баспасөзінің болашағы ұлттық мүддені қорғаумен тең деген пікірімен бөлісті.

«Баспасөзді қолдау арқылы ұлттық мүдде мен идеологияны ілгерілетуге жұмыс жасауымыз керек», - деді Қазыбек Иса.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи елімізде газет-журналды тарату мәселесіне аса мән беру керегін айтып өтті.

«Бүгінде халықтың оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін ойластыруымыз керек. Ал, ертеңгі өркениеттің көшіне ілесу үшін дәстүрлі баспасөзімізді жетілдіру маңызды», - деді Ермұрат Бапи.

Форумның бірінші отырысында сараптамалық материал жазудың стилі, қате қолданыстағы сөздер мен тіркестер, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны, суретке түсіру өнері талқыланды.

Форумның алдағы отырыстарында спикерлер баспа басылымдарын танымал ету мен таратудың аймақтық қырларын, салалық журналистиканы дамытуды, баспа басылымдарын жетілдірудің жаңа тәсілдерін талқылайды. Ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы ойлар сарапқа салынады.

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: ​egemen.kz​​​
12 сәуір 2024 ж. 286 0