Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бар ел озады

Бірлігі бар ел озады

Бұл мереке тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан бастап Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Мерекенің кешегі өткен тарихына көз жүгіртсек, үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған. Соның құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, тойлар жасады. 1 мамыр мерекесінің тарихы еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде 1889 жылдың шілдесінен атап өтіле басталды. Кеңес Одағында еңбекшілердің ынтымақтастық күні мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтілді. 1 мамыр мерекесі 1990 жылы еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде тойланды. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.

Сол ынтымақ-бірліктің бір көрінісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда еліміздің саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылады.
Ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттап келе жатқан мереке қазақ халқын көпшілікке үлгі етіп отыр. Қай кезден де қиын-қыстау заманның өзінде жақын мен жаттың балаларын өгейсінбей, өз бауырына тартқан ұлт үшін бұл қанға сіңген қасиет, ертеден келе жатқан тектіліктің анық үлгісіндей еді. Бір ғана ұлт болып емес, көп ұлтты мемлекетке айналып, солардың бірлігінің, жұмылған күшінің нәтижесінде біз бүгінгі күнге жеттік.
Шындығында өзгені өгейсінбей, бір туған бауырындай қарау қазаққа жат қылық. Еліміздің қай аймағында болса да өзге ұлт өкілдері қазақ жерін өз үйіндей көріп, қазірде сіңісіп, тіпті тумалы болып кеткен. Мұндай жандар ауданда да жетерлік.
Бір кездегі Аралдың ахуалы баршаға мәлім. Қауқары зор зауыттар мен теңіздің толқыны тайдай тулаған уақытында қызметпен, түрлі жағдаймен қоныс аударып келіп, кейіннен осында тұрақтап, теңізден сән, тұрмыстан мән кеткен қысылтаяң шақта шаңырақтарын жықпаған жандардың ұрпақтары әлі күнге дейін теңізді өлкені төл мекеніне балайды. Тіпті жергілікті халық үдере көшкен кезеңде табан аудармай тұрақ тепкен оларды мұндағы жұрт та жақын тартады.
Бүгінгі таңда мұнда 23 орыс, 4 өзбек, 3 қырғыз, 3 молдован, 6 татар, 1 украин, 6 кәріс, 2 қарақалпақ және 1 алтайлық ұлт өкілдері тұрмыс кешіп жатыр. Барлығының ойы бір. Ол – қазақтың бауырмалдығы мен көңілінің кеңдігіне деген алғаусыз алғыс. Солардың бірі Виктор Чумаш:
– Ата-анам Аралға ертеректе қоныс аударған. Мен осында тудым, осында өстім, білім алдым. Менің тіршілігім Аралмен, өмірім қазақпен тікелей байланысты. Осы жасқа келгенше өзім өскен ортадан, достардан, ұжымнан бірде-бір рет шеттеті, жат санауды байқамадым. Осындай пейілі кең, көңілі дархан халықтың арасында ғұмыр кешіп жатқаныма қуаныштымын. Туыстықты, достықты, қонақжайлылықты әрбір ел қазақтан үйренсе деймін. Осынау бірліктің арқасында еліміз еңсе тіктеп, әлем халықтарымен иық теңестірді. Егемендік алған жылдардың ішінде талай қиындықты бағындырдық, қаншама жетістікке жеттік. Сындарлы сәттерде сүрінбей, тек алға дамып келеді. Осының барлығы тілеуі бір халықтың арқасы деп ойлаймын. Мен де, менің ұрпақтарым да қазақпен бірге жасасады. Себебі балаларыма әрқашан осыны өсиет етіп, үлгі қылып айтып отырудан шаршамаймын. Жақында ғана Мемлекет басшысының ҚХА-ның сессиясында сөйлеген сөзінің өзі бізге қаншалықты сенім артылып тұрғанының айғағы, – дейді.
Иә, «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген аталы сөз бекер айтылмаған айғақ. Жұдырықтай жұмылған қазақ елі бүтіндіктің арқасында талай белесті бағындырары сөзсіз.
О.ЖОЛДАСОВ
01 мамыр 2024 ж. 212 0