Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада стадион салынады

Қызылордада стадион салынады

Қызылордаға жаңа стадионның керектігі осыған дейін де талай мәрте айтылып жүрген мәселе еді. Салын­ғанына 60 жылға жуықтаған бұрынғы ғимараттың көнелігі көзге ұрып тұратын. Қазақстан халқының бірлігі күні қаланың сол жағалауынан жаңа стадионның іргетасы қаланды. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев, ардагерлер мен спортшылар қа­тысты.

«Мемлекет басшысы «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келе­шегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңы­рағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» деген болатын. Бүгінгі бастама да елдің ертеңін бірге қалыптастырудың қадамы десек қателесе қоймаспыз.

Облыс орталығындағы салынғанына 60 жылға жуықтаған Ғани Мұратбаев атындағы ор­талық стадионның УЕФА талаптарына сәйкес келмейтіні бұған дейін талай мәрте айтылып, сүйікті командамыз «Қай­сардың» жанкүйерлері жаңа стадион салу жайлы ұсыныс та жолдап келген. Соны жүзеге асырудың сәті бүгін түсіп отыр. Мереке күні өздеріңізбен бірге халықаралық талаптарға сай келетін, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасын қалаймыз. Жалпы, кейінгі 30 жылда елімізде заманауи екі стадион, «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынғанын білесіздер. Енді солардың қатарына Қызылорда стадионы да қосылады», деді ай­мақ басшысы.

Футболдан Қазақстан құра­ма коман­дасының капитаны Асхат Тағыберген жер­лестерін құт­тықтап, мемлекет және қоғам қай­раткері Бақберген Досманбетов бата берді.

Биыл Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы жүріп жатыр. Халық­аралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Стадион салынатын ауданнан физика-математика мектеп-интернаты, Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің ғимараттары бой көтеріп келеді.

Былтыр өңірде 7 дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешені ел игі­лігіне табысталса, биыл аудандарда 4,7 млрд теңгеге 12 спорт ке­шенін пайдалануға беру жос­парланып отыр.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: ​baq.kz​​​
14 мамыр 2024 ж. 150 0