Қызылордада жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерге тоқталды.
«Өткен жылы аймаққа арнайы сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жас спортшылармен кездесуінде «Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады» деген еді. Спорт елдің мерейін тасытып, жеңімпаздық рух сыйлайды, жастарды табандылыққа, тәртіпке баулиды.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауының арқасында өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көрініп келеміз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салынуда. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды.

Рәсімде жаңа спорт кешенін ашып, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосқан «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев облыстың ең жоғары наградасы – Құрмет грамотасымен марапатталды.
Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жерлестерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Спорт кешені 350 орындық, 1,7 млрд теңгеге салынған, жалпы ауданы – 2700 шаршы метр. Онда таэквондо, хореография, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері болады. Аумағында шағын футбол алаңы және автотұрақ бар.
Айта кетейік, биыл Сыр спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 54 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 245 жүлде иеленді. Басты жетістік – Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Париж олимпиадасына, отырып ойнау волейболынан қос бірдей спортшымыз Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі