Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық басқарма басшысы тағайындалды

Облыстық басқарма басшысы тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы таныстырылды.

Облыс әкімі аппаратының бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі және облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Шәріпбеков Бекболат Жүнісәліұлы тағайындалды.

Аймақ басшысы Бекболат Жүнісәліұлына сәттілік тіледі.

«Бекболат Жүнісәліұлы аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр. Осы ретте, жауапкершілік жүгі ауыр салада Мемлекет басшысы жүктеген және Үкіметпен бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізуде ауқымды міндеттер бар. Өңір экономикасын көтеру мен негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуде кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы аса маңызды рөл атқарады. Өткен жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету арқылы өңірдің экспорттық әлеуетін одан әрі жетілдіру және жаңадан инвестиция тарту қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте өңір экономикасын әртараптандыру арқылы кәсіпкерлік субьектілерінің экономикадағы үлесін арттыру, халықты жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, өңірге инвестиция тарту басты міндетіміз. Өңірге инвестиция тарту – экономикалық дамудың жоғарғы және тұрақты қарқынын қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру арқылы, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ынталы инвесторларға қолайлы жағдайлар жасаудың нақты шараларын қарастыра отырып, отандық өнім өндіру аясын кеңейту, түрлі қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге шығаруымыз қажет. Осы ретте Бекболат Жүнісәліұлына алған білімі мен түрлі салаларда жинаған мол тәжірбиесін күрделі де жауапты қызметті мінсіз атқарып, өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамыту және өнеркәсіпті өркендетуге жаңа серпін береді деп сенім білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бекболат Жүнісәліұлы 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «агроөнеркәсіп салаларын басқару және оның экономикасы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы «Келінтөбе» күріш совхозының жұмысшысы болып бастаған. 1990-1999 жылдары «Келінтөбе» күріш совхозының механизаторы, «Құмиян» АҚ Ақниет бөлімшесінің есепшісі болған. 1999-2010 жылдары Келінтөбе ауылдық округі әкімі аппаратында, Жаңақорған ауданы және Түркістан қаласы бойынша салық комитеттерінде түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарған. 2010-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы-мемлекеттік аудиторы, бөлім басшысы-мемлекеттік аудиторы болған. 2018-2020 жылдары Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етті. 2020-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы қызметінде нәтижелі қызмет көрсетті.

2022 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дереккөз 
14 маусым 2024 ж. 182 0