Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттің қолынан шен алған сарбаз

Президенттің қолынан шен алған сарбаз

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде армиямыз әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Сонымен қатар жаңа жаһандық сын-қатерлер Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыру үшін оңтайлы шешімдер іздеуді талап етеді. Жеке құрам жүйелі түрде жауынгерлік дайындықты пысықтайды, ауқымды оқу-жаттығулар өткізіледі. Болашақ офицерлерді даярлаудың заманауи жүйесі құрылды» деген болатын. Расында ел шетіне жау тисе ең алдымен мемлекеттің сақадай-сай әскері болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Осы тұста болашағын темірдей тәртіпті талап ететін әскери саламен байланыстырған жерлесіміз Иманжүсіп Асылбекұлы туралы сөз қозғағым келеді. Себебі ол жуырда ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан әскери шен алып қайтты.
Иманжүсіп Асылбекұлы Жақсықылыш кентінде 2003 жылы өмірге келген. Әкесі Асылбек пен анасы Іңкәрдің 5 баласының ішіндегі 3 қыздан соң дүниеге келген ер баласы. Мектепті үздік оқыған ол бала кезінен-ақ әскери салаға бейімділігін танытты. Оқушы кездінде «қозғалыстың жас инспекторы» жарысына қатыса жүріп, ол болашақ мамандығын таңдап қойған болатын. Мұнымен қоса, Иманжүсіп спортты да жанынан серік еткен азамат. 4-сыныптан бастап еркін күреспен айналыса бастаған. «Спорт шеберіне» кандидат.
Иманжүсіп Асылбекұлы әскери саланы бар жан-тәнімен қалағаны соншалық, ол мектеп бітіргенге дейін 2 жыл сайын әскери дайындық шеберліктен өтіп тұрған. 11-сынып оқып жүргенде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қарағанды қаласында өткен «Айбын» әскери-спорттық жарысқа Қызылорда облысы атынан қатысып, жүлделі 2-орынды еншілеп қайтқан. Баласының жетістік жолы туралы анасы Іңкәр Айдынқызы:
– Мектеп бітірген соң өзінің жүрек қалауымен Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы Әскери құрлық институтына оқуға түсті. Әрине бұл кез-келген адамға бұйыра бермейтін бақ. 4 жыл бойы әскери саланың мызғымас тәртібіне мойынсұнып биыл қызыл дипломмен бітірді. Ата-ана үшін баланың жетістігі зор мәртебе ғой. Ел қорғау саласын таңдағанда ана ретінде уайымдағаным рас. Бірақ баламның жүрегінде бүр жарған отансүйгіштік қасиетті көргенде, үйде отырып тақым қысқанды жөн көрдім. Иманжүсіптің табиғаты да әскери салаға бейімделгендей. Сыралғы, томаға тұйық, әрі бірбеткей мінезді болып өсті, – дейді.
Жуырда еліміздегі маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі Рәміздер күнінде Елорда төрінде өткен салтанатты шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери институтты тәмамдаған бірқатар жас сарбаздарға әскери шен табыстаған болатын. Солардың қатарында Иманжүсіп Асылбекұлы да бар. Оның мерейлі сәтіне әкесі Асылбек арнайы қатысып қайтқан көрінеді.
Бұл тарихи сәт Иманжүсіптің жарқын болашағына бастау болса керек. Шараға қонақ болған "Халық қаһарманы" атағын иеленген Бақытжан Ертаев әскери саладағы өзінің өмір жолынан сыр шертіп, өнегесін айта отырып, Иманжүсіпке ақ батасын беріпті.
– Мен үшін бұл жүрек толқытатын ерекше сәт болды. Президенттің қолынан әскери шен ала отырып, мен еліме, жеріме адал қызмет етуге ант бердім. Мемлекет басшысы мейірімге толы жылы жүзімен күлімдей қарап, ақ тілегін арнады. Сол сәтте өзімді әлемдегі ең бақытты адамдай сезіндім. Арманы орындалған адам, расында шексіз қуанышқа бөленеді екен. Ендігі мақсатым әрі қарай оқуымды жалғастырып, әскери академияға түсу, – дейді Иманжүсіп.
Иманжүсіп Асылбекұлы осы салтанатты шарада Қазақстан республикасының Қорғаныс министрлігінің арнайы құттықтау хатымен мадақталғанын да айта кетуіміз керек.

Президентпен жүздесіп, оның қолынан алу – кез-келген адамның арманы. Осы арманға Иманжүсіп өзі ғана қол жеткізіп қоймай, әкесі Асылбектің де мәртебесін биіктетіп осындай бақытқа кенелуіне мүмкіндік берді. «Болам деген баланың, бетін қақпа белін бу» деген тәмсілді ұстанған ата-анасы да оның ел мүддесін көздеген азамат болатындығына кәміл сеніп, қолдау көрсетіп келеді. Және сол үміттері де ақталып жатыр.
Назерке МАРАТ
18 маусым 2024 ж. 227 0