Шәкірт шыңға шықса – ұстазының мерейі
Дүниеде біреу үшін шын қуанатын жандар болса, солардың бірі де бірегейі ол - ұстаз. Ұстаздар ғана әр шәкіртінің жеткен жетістігіне бар дүниесімен қуанып, талабын ұштауға жанын салып отырады.
Күні кеше 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай ауданымыздан түлеп ұшқан шәкіртіміз Иманжүсіп Асылбеков Алматы қаласында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери құрлық институтын қызыл дипломға бітіріп, «лейтенант» әскери шенін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан алды.
Иманжүсіп Арал ауданы, Жақсықылыш кенті N19 орта мектептің түлегі. Оқушы кезінен бастап Отан қорғауға, әскери қызметші болуға қызығушылығы ерекше болды. Бұлақ көрсең көзін аш демекші, бала бойындағы қабілетті мекептегі алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Серікбаев Нұркен ағайы байқап, түрлі әскери патриоттық, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша сайыстарға қатыстыртып, нәтижесінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы болып әскери қызметші мамандығын таңдауға зор үлесін тигізді.
Шәкіртіміздің Қарулы Күштер қатарында абыройлы қызмет етіп, өз еліне, антына адал болып, нағыз патриот азамат болатынына сеніміз мол. Қызмет жолында биік белестерді бағындыруына тілектеспіз!
Арал аудандық білім бөлімі