Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасай бер, жасампаз Астана!

Жасай бер, жасампаз Астана!

Сенбіде ел бағына балаған елордамыздың туған күні. Еліміз бойынша Астана күні мереке болып саналатыны анық. Яғни әр жыл сайын шілде айының 6-сы атаулы мереке  ретінде өтеді. Бұл мерекенің шығу тарихы туралы қаншалықты білеміз? Не себепті 6 шілде күні етіп қойылған? Міне, осы сынды сауал жауабын бірі білсе, енді бірі бейхабар болар.
Ел тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы бұрынғы атауымен Ақмола атанған еді. ҚР Жоғарғы Кеңесі басшысының 1992 жылғы 6 шілдедегі «Орал, Целиноград, Шымкент, облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысына сай қаланың тарихи атауы қалпына келген болатын. Кейін 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы ұсыныс жасалды. 1997 жылы 20 қазан айында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойылған болатын. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.
Осы орайда Ақмола қаласының тарихына көз жүгіртелік. Ақмола Ресей мен Шығыстың сауда қатынастарының көпірі  іспеттес Сібір, Орал, Орта Азия көпестері қоныс аударған соң кішкене ғана қорған біртіндеп қоныстанушылар қаласына айнала бастаған. Сонымен Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырдағы шешімімен Ақмола станицасына қала мәртебесі беріледі. Сонымен бірге 1968 жылғы Жарлыққа байланысты Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар сынды 5 уезден тұратын Ақмола облысы болып құрылып, сол жылдардың талаптарына сәйкес облыстың елтаңбасы бекітіледі. 1869 жылы бұл жерде 5122 адам, ал 1910 жылы 13000-дай тұрғын болған. Сондай-ақ 1916 жылдары облыс тұрғындары 1,5 миллионға жеткен екен. Кеңес өкіметі кезеңінде де Ақмола қаласы дамып, облыс орталығына айналады.
Ал қаланың бүгінгі даму көрсеткіші тіпті өзгеше. Күн санап қарыштап дамып келе жатқан еліміздің елселі ордасы бүгінде бейбітшіліктің мәңгілік бесігіндей. Әлем назарын өзіне аударып, жаһан жұртшылығын жасампаздығымен тәнті еткен келісті шаһар жайлы көп айтуға болады. Бірақ бүгінгі айтқанымыз ертеңгі мүлде ұқсамауы мүмкін. Себебі сәт сайын жаңарып, жаңғырып жатқан Астана көрген жанның да, көрмеген адамның да сағынышына айналып қала бермек.
Міне, осынау сәулеті мен салтанаты келіскен астанамызды Аралмен байланыстыратын дүние өте көп. Бас қала төрінен "Арал" көшесінің орын алу осының анық айғағы. Елордадағы Абылай хан даңғылынан басталып, М.Төлебаев көшесінен аяқталатын Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабындағы бұрынғы №5 қысқа көше бүгінде "Арал орамы" деп алатса, сәйкесінше Арал қаласының орталығында да Астана көшесі орын тепкен.
Ал осыдан 10 жыл бұрын ғана салынған Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған темір жолы бүгінде Аралды Сарыарқа төрімен тікелей байланыстырып, Астана мен теңізді өлкені одан әрі жақындастыра түсті.
Міне, елдік пен егемендіктің белгісіндей Астана қаласының күні мерекесі барша қазақтың, халықтың мерекесі. Жаңа Қазақстанның жас астанасы мәңгілік болғай!
Оңталап ЖОЛДАСОВ

06 шілде 2024 ж. 206 0