Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халыққа жартылай өнім ұсынған кәсіпкер

Халыққа жартылай өнім ұсынған кәсіпкер

Бүгінде күн сайын түрлі дүниелер адамдарды таңқалдырудан жалыққан емес. Иә, күніге адамға қажетті деген заттардың шығып жатқанына көңілің балаша қуанады. Тіпті адам уақытын тиімді пайдалану үшін де адамға ұсынатын қызмет түрлері де жеткілікті. Мәселен, кешкілік жұмыстан келген уақытта кешкі астың дайын тұрғанын қалаймыз. Міне, Арал қаласында да мұндай қызмет түрі ұсынылады. Оған себеп "Адал ас" шағын цехы болып отыр.
Мемлекет кәсіп ашамын деген адамды әрдайым қолдауға дайын екені белгілі. Расымен де, бүгінде өз сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отырған жандар баршылық. Бұл мемлекеттің бізге беріп отырған үлкен мүмкіндігі. Соның бірі – бүгінгі мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз Жұлдыз Кушжанова кәсібінің берекетін көріп отырған жан. Ол өткен жылы «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, жартылай дайын өнімдерді өндіретін «Адал ас» шағын цехын ашқан болатын.
– Бұл кәсіпті бастағаныма көп бола қоймады. Дегенмен цехымыздан өндірілетін өнімге деген сұраныс күн сайын артып келеді. Бізде қазір 15 түрлі өнім дайындалады. Мәселен, манты, тұшпара, самса деген секілді тағам өнімдерін жартылай дайындап халыққа ұсынамыз. Сонымен бірге қаладағы дүкендерге де жеткіземіз. Жалпы цехта 3 адам жұмыспен қамтылған, –дейді кәсіпкер.
Иә, қазір қаладағы қай дүкенге бара қалсаңыз дүкен сөрелерінде Жұлдыздың жартылай дайын тамағам өнімдерін көзіміз шалады.
– Жұмыс басты отбасылар, сондай-ақ, студенттерге бұл таптырмайтын мүмкіндік. Тек қана дайын дүниені үйге барып, пісіре саласыз. Сондықтан да бұл өнімдерге сұраныс та жоғары. Мемлекет тарапынан ұсынылған жобаларға дән ризамын. Жалғыз мен емес, қаншама аралдықтар кәсіп ашып, ақ адал табыс табуына септігі тиюде, –дейді Жұлдыз.
Айсәуле НҰРЛАНОВА
16 шілде 2024 ж. 219 0