Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұраныстағы дүниенің сырын тапқан

Сұраныстағы дүниенің сырын тапқан

Бүгінде ел экономикасының дамуына бағытталған басты қозғаушы факторлардың бір бағыты – кәсіпкерлік саласы екені жасырын емес. Елдің қазынасын толтырып қана қоймай жұмыссыздықпен күресті оңтайландыруда да осы саланың беріп отырған серпіні тым ерекше. Сондықтан мемлекеттің де назарынан тыс қалмай, ұдайы қолдауға ие болып келе жатқан кәсіпкерлердің табысты еңбегі еселі десек қателеспейміз. Әсіресе бұл ретте жастардың өз ісін бастап, оны жандандыру, ары қарай дамытуға деген жоспарлары, сол жоспарды жүзеге асырудағы шаралары көңіл қуантады. Олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасы мен тың идеялары тек өздерін емес, өзгелерді де шабыттандырып, осы бағытта еңбек етуге үлкен көмек болып отыр.
Расында тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері кәсіпкерлік бағытындағы түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Ол жасырын емес. Бастайтын істі толықтай зерделеп, жоспарлап алмай қолға алынғандықтан кәсіптің өміршеңдігі де ұзаққа созылмағанын көріп, біліп жүрдік. Ал бүгінде жүйелі жұмыс пен жетістікке жетуге бағытталған бағдардың нәтижесінде ауданымыздың өзінде бірнеше мыңдаған азамат кәсіппен айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеттері бар жастар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет» деген болатын. Міне, кәсіпкерлер палатасының жұмысы қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр.
Мемлекеттің толағай қолдауының нәтижесінде кәсібінің көкжиегін кеңейтуге, арманындағы адал ісін жүзеге асыруға мүмкіндік алған жандардың қарасы ауданымызда да өте көп. Бір қуантарлығы уақыт талабына сай сұраныстағы дүниелерді халыққа ұсынып келе жатқан жандардың бірі Сексеуіл кентінің тұрғыны, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлжахан Сарбаева.
Иә, сұраныстағы дүние дегеніміз осы. Жаз қашан да жақсылықтың, қуаныштың мезгілі. Жаз шықса той жасап, қуанышын көпшілікпен бөлісуге асығатын әдет қанымызда бар халықпыз. Келген қонақтың да көңілін тауып, батасын алуға асығатынымыз тағы бар. Сондықтан шаттығымызға ортақтасып келетін жандардың көңілін тауып, ыңғайлы жағдай жасау үшін қажетті дүниенің біріне айналған нәрсе арнайы безендірілген және ыстық күндері әрі көлеңке, әрі ық болатын шатыр жиынтығы. Оған сұраныс та аз емес. Міне, шатыр жиынтығынан нәпаха тауып отырған жандардың бірі осы Гүлжахан.
Бес баланың анасы Гүлжахан Бұхарбайқызы үй шаруасымен айналысқан қазақтың қарапайым келіні. Бүгінде екі баласы мектепте оқыса, екі баласы студент. Жолдасы жұмыстан қысқарып қалғандықтан балаларды жеткізу, оларды қажетімен қамтамасыз ету оңайға соқпайтынын біліп, қолдан келетін жұмысты бастап, қам жасауға көшті. Осылайша шатыр жиынтығын кәсіпке айналдыруды бастады. Кәсіпкердің сөзінше:
– Иә, баста өте қиын болды. Бірден жолға түсіп, ойдағыдай бола қоймады. Бірақ талпынғанның талабы оңғарылады екен. Одан бөлек мемлекеттің қолдауын да айтпасқа болмайды. Жалпы жұмыс істеймін, алға қарай жылжимын деген адамға бүгінде мемлекет тарапынан таудай көмек көрсетіледі. Оны көзбен көріп, сезінгендердің бірі менмін. Бұл жұмысты алғашында бастағанда толықтай мүмкіндік болмай қалып жататын. Сосын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының көмегімен осы бағытта оқып, биыл қайтарымсыз грантқа ие болдым. Қай уақытта да талап қылған азаматтардың қолтығынан демеп, жағдай жасауға дайын тұратын сол азаматтарға алғысым шексіз. Сол қаржының көмегімен керекті құралдарымды алдым. Қазіргі уақытта 3 шатыр жиынтығы бар. Жолдасым оларды тапсырыс түскен жерлерге жеткізіп, құрып береді. Тек шатырдың өзі ғана емес, столдар мен орындықтар да қамтылған, – дейді.
Иә, қарапайым ғана дүниені табыс көзіне айналдырып, көпшіліктің алғысын арқалап отырған кейіпкерімізге кент тұрғындары риза. Адал еңбекпен ас тауып отырған Гүлжаханның жұмысы жетістікке жетемін деген әрбір адамға сабақ боларлықтай.
О. ЖОЛДАСОВ
22 тамыз 2023 ж. 232 0