Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маман тапшылығы тиімді шешіліп келеді

Маман тапшылығы тиімді шешіліп келеді

Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жаңғырту. Ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың жігерін жанып, ынтасын арттыратын бұл мемлекеттік бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан да тыс қалмай келеді. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлердегі мамандар тапшылығын жиі айтып, сол кедергіні бағындырудың жолын тапсырып келеді.

Иә, расында ауылдық жерлер мен қаланың айырмашылығы, даму деңгейінде айырмашылық бары жасырын емес. Осыны анық аңғарып, көріп жүрген жастар оқу бітірген бойда алдымен қалада қызметін бастап, сол жерде тұрақтап қалуды көздейді. Бірақ өзіміз айтқандай, ауылдарды дамыту мемлекеттің басты бағыттарының біріне айналып отыр. Ол үшін, әлбетте, жастардың пікірі, көзқарасы мен қызметі аса маңызды. Ал жастардың құлшынысының төмендегі басты кедергі болары сөзсіз. Ауылдық жерлерге де қазіргі таңда білікті дәрігер, білімді мұғалім, жоғарғы білімді инженерлер мен ауыл шаруашылығы мамандары және осы аумақтар үшін қажетті өзге де жоғары оқу орнының түлектері өте қажет-ақ.
Міне, осы қиындықты еңсеру үшін 2009 жылдан бастап қолға алынған бағдарлама бүгінгі уақытқа дейін жалғасын тауып, тіпті жастарды қызықтыру, қолдау шаралары да жаңартылып келеді. Ауданда да осы бағытта ауылдық жерде қызмет етсем деушілер қатары өте көп. Оны мынадан аңғарсақ болады.
Өткен жылдың өзінде "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы арқылы біржолғы көтерме жәрдемақы алуға 30 маманға 8751,0 мың теңге және тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит рәсімдеуге 10 маманға 43755,0 мың теңге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген.
Мемлекет қолдауының бұл тиімділігі жайында "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы арқылы жұмыс жасап келе жатқан Сексеуіл кенті, №177 орта мектептің математика пәні мұғалімі Факизат Өтегенова:
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет» деген болатын. Расында солай. Білім саласында көптеген реформалар қабылданып, елдегі білім сапасын арттыру, әлем елдерімен бәсекелестікке түсе алатындай дәрежеге жету талабы қойылып отыр. Білім мен ғылымды дамыту үшін тек қала мектептері ғана емес, ауыл мектептері де осы бәсекеге қабілеттілік таныта білу керек. Бірақ маман жетіспеушілігі қиындық тудырып отыр. Әсіресе математика секілді күрделі пәнді оқытушы мамандар жетіспеутіні жасырын емес. Сондықтан мен "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы арқылы осы мектепке жұмысқа орналастым. Мемлекет тарапынан біржолғы көтерме жәрдемақыға қол жеткізіп, қолдауға ие болдым. Бұл оқуды жаңа бітірген білімді жастардың әрбіріне таптырмас мүмкіндік, – дейді.

О. ЖОЛДАСОВ
13 наурыз 2022 ж. 583 0