Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сапалы білім беру – болашақтың кепілі

Сапалы білім беру – болашақтың кепілі

ҚР Конституциясына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында мемлекеттік кепілдіктер берілетіні анық жазылған. Дамыған елдердің тәжірибесіне қарап, білім беру мен денсаулық сақтау, ғылымды дамыту, спорт, жұмыспен қамтуға бағытталған реформалар мен инвестицияның нәтижесінде ұлт өмірін сапалы қылуға, постиндустриалды қоғам талаптарына жауап беретін интеллектуалды қоғам орнатуға, табысты жастарды тәрбиелеуге болатынына көз жеткіземіз. Мемлекеттің әр қадамы нәтижелі болу үшін тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі де жоғары болу керек.
Қоғамның әлеуметтік-экономикалық өзгерістері кезінде, сапалы білімнің реформасын тек қана толығымен өңделген стратегия арқылы жүзеге асыруға болатынын түсіну нәтижесінде Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі едәуір жетістіктерге қол жеткізіп, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасатынына көз жеткізуге болады. Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады, егер келесі жағдайлар орындалса: үкіметтің білім беру саясатында орнатқан барлық бағдарламалары білім беру жүйесінің аясында жинақталған әлем тәжірибесінің мүмкіндігіне негізделіп жасалуы қажет. Ұлттық білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде.
Әсіресе ауылдық жердегі мектептер мен қала мектептері арасындағы білім берудегі және оның нәтижесіндегі алшақтықтықты шешудің жолы бүгінгі таңда басты назардағы мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекеттің басты назарындағы бұл мәселені шешу аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: "Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруда 20 миллиардтеңгеге жеткізуді тапсырамын. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын" деп өзге де басымдық беруге тиісті міндеттерді атап көрсеткен. Соның нәтижесінде қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасындағы алшақтық пен маман жетіспеушілігі шешімін тауып, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Оған дәлел ретінде мынаны айтсақ қателеспеспіз. Биыл мектеп бітірген түлектердің қатарында 15 оқушымыз мемлекеттік грант иегері атанып, аудандағы алдыңғы қатарлы мектептермен бірдей деңгейде нәтиже көрсетті.
Міне, білімді ұрпақ тәрбиелеуде білікті маманнан бөлек, мемлекеттің қолдауы да аса маңызды екендігін осыдан байқасақ болады. Қолдау бар жерде нәтижелі жұмыс, терең білім болады. Ал білімді елдің болашағы баянды, тәуелсіздігі мәңгілік бола бермек.
Гүлсім ТӨЛЕГЕНОВА,
Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектептің мұғалімі
24 тамыз 2021 ж. 1 059 0