Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағдарлама аясы кеңеюде

Бағдарлама аясы кеңеюде

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың "Жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді дағдарыс кезінде асырайтын – ауыл. Ал ауылда жұмыс болу үшін, ол қаланы асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біз өңірлерді дамытуға, жастарды елге қызмет етуге басты назар аударуға тиіспіз" деген тапсырмасы бойынша 2009 жылдан бастау алған "Дипломмен ауылға" бағдарламасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердің маман тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі. Бастапқы жобада тек әлеуметтік сала мамандарын қолдау ғана көзделген болатын. 2012 жылдан бастап жоба ветеринария, одан соң агроөнеркәсіп кешені мамандарымен толықтырылды. Бағдарлама аясындағы мемлекеттік қолдау шараларының бірі – ауылға жұмыс істеуге барған мамандардың тұрғын үйді сатып немесе салып алуына бюджеттік несие беру болса, 10 жыл ішінде 54 мың жас маман ауылға аттанып, 35 мың жас маман баспаналы болған.
                Жастардың жігерін жанып, ынтасын арттыратын бұл мемлекеттік бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан да тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында бағдарламаның аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керектігін айта келе, Үкіметке бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған еді.
         Бағдарлама игілігін аралдық жастар да көруде. Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің  бас маманы А.Құдайбергенов:                       
         – Бұл бағдарлама жас мамандар арасында үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда, жоба аясында ауылдық елді мекенге барған маман жұмысқа орналасқан жағдайда, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Ауылды жерге жұмыс істеуге барған мамандардың тұрғын үй сатып немесе салып алуына бюджеттік несие беру – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдау шараларының бірі. Бюджеттік несие бұрын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарына ғана беріліп келген болатын. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап бұл тізімге ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлері де кіріп отыр. Білікті кадрларды тарту үшін ауылдағы мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға және жас мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін берілетін көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несиелер алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ несиенің қолжетімділігін арттыру үшін құжат жинауды жеңілдететін бірқатар іс-шара қабылданды. Мәселен, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «электрондық үкімет» порталымен және мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген өзара іс-қимылының нәтижесінде бірқатар құжат электронды түрде сұратылатын болды. Бүгінгі таңда 4 524 маманға тұрғын үй несиесін рәсімдеген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қызылорда филиалы көш бастап келеді. Бағдарламаның аудандағы жайына тоқталсам, өткен жылы 34 маман бір жолғы көтерме жәрдемақы, ал 7 маман тұрғын үй сатып алды. Ал биыл 17 жас біржолғы көтерме жәрдемақыға қол жеткізіп, 4 маман баспаналы болды. Бағдарлама басталғалы, яғни 2009-2020 жылдар аралығында 81 маман үйлі болып, 350 маман бір жолғы көтерме жәрдемақымен қамтылды, – дейді.
         Сондай жастардың бірі, аралдық  Қарасай Садықов. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекетік университетін тәмамдаған жас маман 2013 жылы "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша Ақеспе ауылындағы №237 негізгі мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған.
         – Осыдан жеті жыл бұрын Ақеспеге алғаш келгенімде "Мектепте бір-жар жыл жұмыс істеп, Аралға қайтамын" деген ой болды. Бірақ ауыл адамдарының бауырмалдығы, оқушылардың білімге деген ұмтылысы жіпсіз байлады. Еңбек ете жүріп, шаңырақ көтердім. Баспаналы болдым. Жарым Индира да мектепте жұмыс істейді. Үш баламыз бар. Үлкенім биыл мектеп табалдырығын аттады. Ауылда тұрған соң, мал да ұстаймыз. Мұғалімдердің жалақысы да жыл сайын өсуде. Үкіметтің жастарға арналған бағдарламасының арқасында ауылда берекелі тірлік кешудеміз, – дейді ол. Қарасай сияқты қаншама жас ауылдарда мамандықтары бойынша еңбек етіп, бағдарлама игілігін көруде.
         Ал «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауылдық жерлерге қажет мамандарды тартуға назар аударылады. Оларға үй салу үшін жылына 22 мың жер телімі бөлінеді. Облыс орталықтарында және шағын қалаларда жылына 25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алғанда, алдағы 5 жылда шамамен 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Соның ішінде 300 мыңға жуық пәтерді әлеуметтік тұрғын үй ретінде жеңілдікпен пайдалануға болады»,  – деп, жас мамандарға зор қолдау көрсетілетіндігін айтты.
         Тағы бір оңды мәселе, жақында Сенатта шағын қалаларға жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға әлеуметтік көмек беру мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта, еліміз бойынша 27 моноқалада 1,5 млн адам, сондай-ақ 42 шағын қалада 1 млн адам, оның ішінде 69 аудандық маңызы бар қалаларда 2,5 млн адам тұрады. Ал осы қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандар «қала» статусының болуына байланысты барлық әлеуметтік көмектен қағылуда. Бұл жағдай жергілікті жерде кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкеліп отыр. Мәселе оңынан шешілсе, мыңдаған жастың әлеуметтік жағдайы жақсарып, еңбекке құлшынысы артатыны анық.
     Лаура Иманбайқызы
13 желтоқсан 2020 ж. 628 0