Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дипломмен ауылға: Биыл 5 мыңнан астам жас маманға көтерме жәрдемақы берілді

Дипломмен ауылға: Биыл 5 мыңнан астам жас маманға көтерме жәрдемақы берілді

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 5 172 маманға бір реттік көтерме жәрдемақы берілді. Дәл осындай жәрдемақыны тағы 2 мың жас маман алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкіметтің баспасөз орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 6454 ауылды елдімекен бар. Министрлік әзірлеген жаңа әдістеме бойынша іріктеліп алынған 3 477 ауылды елді мекеннің 1 150-і тірек ауыл деп есептеледі. Сонымен қатар, тірек ауылдарға қарайтын ауылдардың саны 2327. 6454 ауылды елдімекенде 6 млн 600 мың адам тұрады.
«Білікті мамандарды ауылға тарту бойынша Елбасының арнайы 10 жыл бұрын берген тапсырмасына сай, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бұл жобаның мақсаты – әлеуметтік тұрғыда көмек көрсету арқылы ауылды жерлерде әлеуметтік сала және агроөнеркәсіп кешеніндегі мамандарды ынталандыру. Бағдарламаға денсаулық сақтау және білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешенінде жұмыс істейтін дипломы бар мамандар қатысады. Жалпы, көтерме жәрдемақы – 100 АЕК-ке тең», - деді вице-министр.
Ермек Алпысовтың айтуынша, әлеуметтік қолдау шараларының ішіне тұрғын үй алу үшін берілетін бюджеттік несие де бар. Оның сомасы 1500 АЕК-ке тең.
«Жалпы, 10 жылдың ішінде 27,5 мың адам 70 млрд теңгенің бюджеттік несиесін алды. Жылдан жылға несие алушылардың саны артып барады. Орташа есеппен максималды түрде қарасақ – 1500 АЕК алған маман жалпы 15 жылдың ішінде соманың 6 пайызын ғана төлейді», - деді ол.
Вице-министр өз баяндамасында атап өткендей, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 7 176 маман бір реттік көтерме жәрдемақы алады деп жоспарланған. Осы мақсатта бюджеттен 1 млрд 300 млн теңге бөлу көзделіпті. 1 шілдедегі жағдай бойынша 5172 маман 911 млн теңгенің бір реттік көтерме жәрдемақысын алып қойған. Сол секілді биыл 3908 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 14 млрд 800 млн теңге көзделген. 1 маусым бойынша 2527 маман қоныс тойын тойлап үлгерді.
https://kyzylorda-news.kz/news/kogam/29683-diplommen-auyla-biyl-5-mynan-astam-zhas-mamana-kterme-zhrdemay-berld.html
07 тамыз 2019 ж. 1 152 0