Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елжан Біртанов: Медициналық кадрлар тапшы елді мекендерге 6300 жас маман жіберіледі

Елжан Біртанов: Медициналық кадрлар тапшы елді мекендерге 6300 жас маман жіберіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медициналық кадрлар тапшы елді мекендерге, әсіресе ауылдарға алдағы уақытта 6300 жас маман жіберіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Ең басты үлкен мәселе - кадрлардың жетіспеушілігі. Шынында да, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне көп жағдайда медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі себеп болып жатады. Кейбір елді мекендерде, әсіресе ауылдарда учаскелік дәрігерлер ауыр - екі есе жүктемемен жұмыс жүргізуде. Бұның арты әлбетте, медициналық қызмет сапасының төмендеуіне алып келеді. Сол себепті, бұл ретте қандай мәселелер қолға алынады? Ең алдымен, осы жылдан бастап 10 ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарынан 6300 медицина қызметкері оқуын бітіріп шығады. Бүгінгі таңда жаңа заңнамаға сәйкес, олар нақты медициналық ұйымдарға жіберіледі. Жас мамандарға үш жылдық міндетті еңбек жүктеліп отырғанын айта кету керек. Ең алдымен, бұл ретте ауылды жерлердегі медициналық ұйымдардың қажеттілігіне мән береміз», - дейді Елжан Біртанов Үкіметтің баспасөз орталығында. Министр өз сөзінде кадр мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен тиісті жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті. «Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына талдау жұмыстары жүргізілді. Түлектерді белгілі бір ауылға бекіту жұмыстары аясында міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады», - дейді ол. Айта кетсек, Үкіметтің баспасөз орталығында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары қорытындыланды.
https://www.inform.kz
06 мамыр 2019 ж. 751 0