"Жас мамандарға жағдай жасалуы тиіс": Біртанов облыс әкімдерін сынға алды

Ауылда медициналық көмек көрсететін адамдардың саны аз дейді Біртанов. Сонымен қатар министр бұл жағдайдың себебін де түсіндіріп, жас мамандарға жағдай жасалмаған деп облыс әкімдерін сынның астына алды.
"Бұл мекенде 9 мың адамға 3 дәрігер. Дәрігерлік амбулаторияда 2 дәрігер жұмыс істейді. Ал үшінші маман 8 ай бойы жылжымалы медорталықта қызмет атқарады. Олардың өмірі мен жұмысына жағдай жасалуы тиіс. Оларға ауылдан жалға жақсы үй алып беруге немесе жеке үй салып беруге болмайды ма? Осылайша мамандарды ауылдан бездіреміз", - дейді денсаулық сақтау министрі.
Мемлекеттік грантта оқыған студенттерге үш жыл бекітілген орында қызмет ету міндеттелсе де, жастарға жағдай жасалмаса, бұлай істеудің қажетсіз болып қаларын жеткізген министр.
"Биылғы жылдан бастап, мемлекеттік грантта білім алған студенттер арнайы мекемелерге белгіленіп, үш жыл қызмет істеуге міндеттеледі. Бірақ бұл шара баспана мәселесі мен жас мамандарға қолдау көрсетілмейінше өз нәтижесін бермейді", - дейді Біртанов.