Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төгілген тердің берекесі бар

Төгілген тердің берекесі бар

Бүгінде ел экономикасының дамуына бағытталған басты қозғаушы факторлардың бір бағыты – кәсіпкерлік саласы екені жасырын емес. Елдің қазынасын толтырып қана қоймай, жұмыссыздықпен күресті оңтайландыруда да осы саланың беріп отырған серпіні тым ерекше. Сондықтан мемлекеттің де назарынан тыс қалмай, ұдайы қолдауға ие болып келе жатқан кәсіпкерлердің табысты еңбегі еселі десек қателеспейміз. Әсіресе бұл ретте жастардың өз ісін бастап, оны жандандыру, ары қарай дамытуға деген жоспарлары, сол жоспарды жүзеге асырудағы шаралары көңіл қуантады. Олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасы мен тың идеялары тек өздерін емес, өзгелерді де шабыттандырып, осы бағытта еңбек етуге үлкен көмек болып отыр.
Расында тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері кәсіпкерлік бағытындағы түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Ол жасырын емес. Бастайтын істі толықтай зерделеп, жоспарлап алмай қолға алынғандықтан кәсіптің өміршеңдігі де ұзаққа созылмағанын көріп-біліп жүрдік. Ал бүгінде жүйелі жұмыс пен жетістікке жетуге бағытталған бағдардың нәтижесінде ауданымыздың өзінде бірнеше мыңдаған азамат кәсіппен айналысып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеттері бар жандар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет»деген болатын. Міне, кәсіпкерлер палатасының жұмысы қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Осындай бағытта барынша табысты еңбек етуді меңгерген Айгүл Шамшадинова өз жұмысын одан әрі дамытуға мүмкіндік алды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау-Бизнес» жобасы аясында сертификат алған кейіпкеріміз биыл бақша дақылдарын өсіру бағытындағы бизнес жоспары негізінде грантқа ие болған.
Айгүл Әбілдақызы асыраушысынан айырылған көп балалы ана. Алланың берген 4 перзентін қатардан қалдырмай жетілдіру әрбір ұрпақ өсіріп отырған жанның асқақ арманы емес пе? Міне, балаларының бақыты үшін еңбек етіп, белгілі бір жетістікке жетуді көздеген жанның бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Айгүл Шамшадиновамен тілдескенімізде:
– «Талаптыға нұр жауар» деген терең тәмсіл бар. Мұндағы нұр дегеніміз Алланың мейірімі мен шапағаты. Демек еңбек еткен жан маңдай тер мен адал еңбегінің есесін көретінін осыдан-ақ білуге болады. Расында талаптанған, талпынған адам түбінде табысқа жететіні анық. Ол үшін тыңнан түрен салудың да қажеті жоқ. Тек қолдан келетін істі кәсіп етіп айналысу жеткілікті деп білемін. Мәселен, бақша өсіру атадан келе жатқан кәсіп десем болады. Қыр-сырын бала кезден меңгерген істі осындай мүмкіндік туып тұрған жағдайда кәсіпке айналдыруға талап қылдым. Қолдауға ие болып, қазірде гранттың жемісін көріп, жұмысымды бастап кеттім, – дейді.
Осы ретте кейіпкеріміз жергілікті атқарушы билікке де алғысын айтуды ұмытпады. Егін отырғызуға қажетті жер сұрап жазған өтінішін қанағаттандырған Сексеуіл кенті әкімшілігі де еңбек етемін деген жандарға әркез қолдау білдіруге әзір тұратындығын айта кетті.
Иә, қазірде 6000 түп Темірлан F1 қарбыз тұқымы егілген алқап көктеп, алқаптың ажары кіріп қалған. 40 күнде өнім беретін қарбыздың бұл тұқымының да дәмін татар күн алыс емес.
О. ЖОЛДАСОВ
14 шілде 2023 ж. 248 0