Аида Балаева: Журналистке бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аккредитациялаудың Үлгілік қағидалары жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті әріптестер! Бүгінде кәсіби медиа қауымдастығы «Масс-медиа туралы» Заңды іске асыру мақсатында әзірленген аккредитациялаудың Үлгілік қағидалары жобасын қызу талқылауда. Осыған орай оның кейбір тұстарын нақтылай кеткім келеді. Жалпы аталған құжат жобасы қолданыстағы ережелермен салыстырғанда аса көп өзгермеген. Мысалы аккредиттеуден бас тарту негіздері туралы ережелерге тоқталсақ. Бұл БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүлдем жабу және ресми реестрде тіркелмегені туралы сот шешімі күшіне енген жағдайда іске асады. Одан өзге, журналисттер арасында ең көп сұрақ тудырған Ереженің 10-тармағына, атап айтқанда БАҚ өкілдерінің қандай талаптарды сақтауы керектігіне тоқталамын, - деп жазды министр.
Біріншіден, кез келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпаратты жинап, жариялай алады. Алайда журналистке бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тыйым салмайды.
Екіншіден, бұл талап белгілі бір оқиғаға/іс-шараға қатысты журналистердің жеке пікірлері мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында білдіруге қатысы жоқ.
Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелерде қазірдің өзінде іс-шараға қатысушылардың тақырыпты, уақыт тәртібін, қоғамдық тәртіпті сақтауын жүргізуші (яғни, іс-шара модераторы) қамтамасыз ететіні қарастырылған.
АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, белгіленген ережелерді, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда журналист іс-шараларға қатысу құқығынан және аккредитациядан айырылады. Мысалы, Еуропарламенттегі БАҚ қызметін реттейтін Ережеде түсірілімге рұқсат етілген арнайы орындар қатаң түрде белгіленген.
Төртіншіден, ережеде әрбір мемлекеттік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген. Бұл ретте Министрлік уәкілетті орган ретінде ақпаратқа қолжетімділік қағидаттарын және журналистердің ерекше мәртебесін сақтау мәселелері бойынша аталған регламентті әзірлеу бойынша тиісті ұсыныстарын жіберетін болады.
Бесіншіден, ерекше маңызды мемлекеттік объектілерге кіру және сол мекемелердегі режимдерді ұстану да қолданыстағы заңнаманы сақтау мен қауіпсіздіктің айнымас бөлігі болып табылады.
Қорытындылай келе, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мен журналистердің мәртебесін арттыру – әрқашан Министрлік қызметінің басты басымдығы екенін тағы да жеткізгім келеді, - деді Аида Балаева.
Сурет: ашық дереккөз