Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілдегі серпінді жұмыстар

Сексеуілдегі серпінді жұмыстар

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, онда қолға алынып жатқан бірқатар жобалармен танысып, құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен «Тербенбес» тауының етегіндегі егіс алқабында болып, Ахметжан Боханов есімді кәсіпкердің 8 гектар аумаққа егілген бақша және көкөніс дақылдарын көріп, бастамаға сәттілік тіледі.
«Құмсай» бөгетінің жанына қарбыз және қауын егілген. Піскен өнімдерін аудан көлемінде сатылымға шығаруда. Сонымен қатар, кәсіпкер «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несие алып, шағын көлемді маусымдық жылыжай кешенін іске қосқан. Алдағы уақытта осы алқапты дамытып, жасыл желекке айналдыруды көздейді. Аудан басшысы іскер азаматтардың бұл бастамаларын мақұлдап, қолға алынған жұмыстардың нәтижелі болуына тілектестік білдірді.
Мұнан соң кент орталығындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын бағамдады. «Техоснастка - Ремсервис» ЖШС мердігер мекемесі жауапкершілігіне алған білім ошағының бүгінде іргетасы толық қаланып, бірінші қабаты бойынша қалау және жабу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басында басталған құрылыстың жұмыс қарқыны қалыпты деңгейде. Аудан басшысы мердігер мекеме өкілімен жүздесіп, жұмыстың сапалы әрі белгіленген стандартқа сай жүргізілуі керектігін міндеттеді.
Сондай-ақ кентте 40 орындық аурухананың құрылыс жұмыстары бүгінде жалғасын табуда. «Интегростой» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын күшейтіп, ғимараттың төбе жабу және ішкі жұмыстары жүргізілуде. 50 адам еңбек етіп жатқан құрылыс алаңына жұмыс күшінің қажеттігі жөнінде мердігер мекеме өкілі аудан басшысына ұсынысын жеткізді. Аудан әкімі өз кезегінде жергілікті жердің азаматтары жұмысқа жіберілетіндігін және басты талап құрылыс жұмыстарының сапалы әрі ұқыпты жүргізілуі керектігін айтты.
Қазіргі таңда, жеке кәсіпкер Кәмшат Құтпанова кент орталығынан бассейн орталығын ашқан болатын. Бүгінде ауыл балалары мен тұрғындары осы бассейнге шомылып, жаз мезгілін жайдары өткізуде. 360-қа жуық адам қабылдай алатын орталықтың ақысы да қалтаға қонымды. Барлық санитарлық талаптар сақталған. Аудан әкімі орталыққа барып, кәсіпкердің қолға алған бастамасымен танысты. Алдағы уақытта мұндай орталықтардың қажетті мөлшерде салынуы керектігін айтып, мұндай бастамаларға әркез қолдау болатындығын жеткізді. Кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, елге жасап жатқан қызметіне алғысын білдірді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
27 шілде 2024 ж. 192 0