Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі аудан орталығындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

Аудан әкімі аудан орталығындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

Кеше аудан әкімі Аманжол ОңғарбаевАрал қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Алдымен аудан басшысы жаңадан салынып жатқан аспалы темір жол көпірі құрылысы барысын көрді. Көпір өткелінің мердігері – «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құны 3,1 млрд. теңге болатын көпірдің ұзындығы 940 метр, екі жағына жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылады. Жақын жерде орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін дыбыс басқыш құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Әрі қарай аудан әкімі № 4 мөлтек ауданын газдандыру жұмыстарымен танысты. Жоба құны 350 млн. теңге құрайтын газ құбырын тарту жұмыстарының құрылысын «Транс Азия Констракшн» ЖШС жүргізуде. Аталған аумаққа жалпы ұзындығы 14 шақырымды газ желілерін орнатады. Құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін жүзеге асырылмақ.
Мұнан әрі Аманжол Сақыпұлы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылыс алаңына барды. Биыл аталған ұлттық жоба шеңберінде Арал қаласынан екі мектеп салынуы жоспарланған. Қазір бір мектептің құрылысы басталса, екінші мектептің жер телімі белгіленген. Құрылысы жүргізіл жатқан білім ордасына Ж.Әлімбетов көшесі арқылы баратын жол жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолағын салу арқылы абаттандырылмақ.
Аудан басшысы К. Дәрібаев көшесіндегі аяқталмаған жаяу жүргіншілер жолының жағдайын көрді. Одан соң, «Моно және шағын қалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан көшелердегі автомобиль жолының құрылыс жұмыстарын бағамдады.
Аманжол Оңғарбаев бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың сапасына назар аударуды тапсырды.
«Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек. Мейлі, ол ғимарат құрылысы, жол құрылысы болсын, су немесе газ жүргізсін, ең бастысы – сапа. Сондықтан жұмыс барысын күнделікті бақылау керек. Жобаны мақұлдау сатысынан бастап толық аяқталғанға дейін жіті қадағалаңыздар», – деді аудан басшысы.
Аталған жұмыстар М. Дулатов, Ә. Төлегенұлы, К. Өтенов көшелерінде де қолға алынуда.
Қазіргі таңда Бақтыбай батыр көшесіндегі №77-ші, С. Көбеков №20-шы және Ә. Бисембаев көшесі бойындағы №13-ші көппәтерлі тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өтіп, аулаларында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі ескі прокуратура ғимараты мен денсаулық нысандарын да аралады. «А. Байтұрсынов» ауылдық емханасы мен жүйке аурулар бөлімшесін көріп, бу қазандық ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Ғасырға жуық тарихы бар «Арал»индустриалды-техникалық колледжіне бас сұққан аудан басшысы білім ұясының бүгінгі тынысын бақылады. 1927 жылы балық аулау артельдері жанынан осы кәсіп саласына керек жұмысшы-мамандарға алғашқы біліктілікті үйрету негізінде құрылған оқу орны күні бүгінге дейін мыңнан астам түрлі мамандықтар бойынша негізгі және жалпы орта мектеп бітірген жастарды оқуға қабылдап, білікті кадр етіп шығаруда.
Қала аумағын аралау барысында
Жаңауыл мөлтек ауданындағы «Мансұр» құрылыс заттары нысаны алдындағы жаяу жүргіншілер жолымен танысып, «Жасыл белдеу» аймағын да көріп өтті. Аумақты абаттандыру жұмысын қарап, жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау жұмыстарын жандандыру жүктелді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
04 мамыр 2024 ж. 205 0