Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды

Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Сексеуіл кентіне барып, «Құмсай» бөгетінің қазіргі жағдайын көрді. «Құмсай» су қоймасы кенттен 2 шақырым қашықтықта орналасқан.
Қазіргі таңда жауын-шашынның және еріген қар суының мол жиналуынан бөгеттің бір бөлігін су шайып,  Тербенбес қырқасының жанындағы сайға су ағуда. Кенттегі автожолдар  мен халық шаруашылығы нысандарын су басу қаупі жоқ.
Бұдан бөлек, «Бозой-Шымкент» газ құбырына қызмет көрсететін техникалық жолды су шаюы салдарынан Ақеспе елді мекені халқының жол қатынасына қиындық тудыруда. Осы ретте, табиғи құбылыс салдарынан уақытша орын алған жағдай ауыл тұрғындарына түсіндірілді.
Осыған байланысты аудан басшысы  тиісті мекемелер мен жауапты сала басшыларына мәселені қатаң бақылауда ұстап, дер кезінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сапар барысында аудан әкімі Сексеуілдегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ұясының құрылысымен танысып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Бүгінде  300 орындық мектеп ғимаратының орны белгіленіп, құрылыс материалдары жеткізілуде. Нысанның іргетасын қалауға әзірлік жұмыстары жүргізілуде.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
Сурет: Арал ауданы әкімдігі 
10 наурыз 2024 ж. 349 0