Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды

Аудан әкімі жұмыс сапарымен Сексеуіл кентінде болды

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, жергілікті жердегі өзекті деген бірқатар мәселелермен танысып өтті. Ондағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, теміржол және құрылыс алаңдарында болып, бүгінгі жай-күйін бағамдады.
Алдымен елдімекен аумағындағы егін шаруашылығы үшін маңызды болып келген «Құмсай» бөгетінде болып, бөгеттің қазіргі күйіне куә болды. Одан кейін кенттегі құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған 40 төсектік аурухана және теміржолшыларға арналып салынған 2 пәтерлі 38 тұрғын үйдің нысандарына барып, ағымдағы жағдайын көрді. Аталған ғимараттардың құрылысын толық аяқтау үшін жауапты сала басшыларына облыстық тиісті салалық басқармамен бірлесіп, толық зерделеп, қажетті қаржы көлемін анықтап, ұсынуды тапсырды.
Сапар барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сейкес ауданымызда білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында басталғалы тұрған мектеп құрылысы алаңымен танысты. Аудан әкімі мердігер мекемеге 300 орындыққа арналған мектеп нысанын жаңа оқу жылына дейін аяқтау үшін жұмыс барысын жеделдетуді тапсырды. Айта кетейік, аталған бағдарлама шеңберінде Арал қаласында 2, Жақсықылыш кентінде 1 мектеп бой көтермек.
Мұнан соң, № 177 орта мектебіне барған аудан әкімі ғимарат жағдайымен мұқият танысты. Нысандағы спорт зал, асхана және сынып бөлмелерін аралап, білім ошағындағы білім беру процесін бақылады.
Аудан әкімі А. Оңғарбаев одан әрі 4 қабатты 48 пәтерге арналған көпқабатты тұрғын үйге барып, ғимараттың ағымдағы жағдайының мән-жайына қанықты. Дәл қазіргі таңда Сексеуіл кентінде 91 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Аманжол Сақыпұлы алдағы уақытта әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған пәтерлерді елдімекендерден де салу туралы зерделенетіндігін айтты. Оған қоса, кент әкімі мен тиісті сала басшысына аталған тұрғын үйді модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін анықтауды тапсырды.
Аудан басшысы облыстық жедел медициналық көмек көрсету стансасына қарасты Сексеуіл жедел-жәрдем бөлімшесінің жұмысымен танысты. Тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсететін бұл мекемеде 35 маман адам өмірін құтқаруды басты мақсат тұтып, күнделікті үзіліссіз шақырыстарға барып, тынбай қызмет етіп келеді. Аудан әкімі тұрғындардың жағдайын жасау басты назарда болуы керек екендігін айтып, медицина қызметкерлері әрдайым жауапкершіліктің биік межесінен көрінуі тиіс деді.
№20 Арал ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебі бүгінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жұмыс істеп тұр. Аталмыш нысанды аралаған аудан басшысы ғимараттың 2018 жылы пайдалануға берілгеніне қарамастан қабырғалардан су кету орын алғаны көңіл көншітпейтінін алға тартты. Осыған сәйкес, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына орай ауданнан арнайы комиссия құрып, құрылыс саласынан проблемалық кешендерді зерттеп, анықтауды жүктеді.
Сонымен қатар, аудан басшысы Сексеуіл ауылдық ауруханасына барып, ондағы ем алушы азаматтардың хал-жағдайын сұрап, нысанмен толықтай танысып өтті.
Кенттегі темір жол вокзалына табан тіреген аудан басшысы нысанның іші-сыртын толық аралап көрді. Вокзал басшысы Оңғар Төлегенов темір жол торабының жұмыс ырғағын баяндап, жолаушыларға көрсетілетін қызметтер жайын кеңінен таныстырып шықты.
Аудан басшысы бұдан бөлек кент орталығындағы «Керуен» сауда үйіне барды. 2 қабатты, 17 сауда орны бар дүкен ішін аралап, кәсіпкермен сұхбаттасты. Халықтың көп тұтынатын тауарының бағасын қалтаға икемді қылып, тұрақты ұстап тұру керектігі де әңгіме барысында айтылып ескерілді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге аудан басшысы сәттілік тіледі.
Одан әрі Аманжол Сақыпұлы кенттегі газға қосу жұмыстары барысын бағамдады. Бүгінде кентте автоматтандырылған газ тарату станцияларының тағайындамасын орната отырып «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу жобасы жүруде. 2 млрд теңгені құрайтын жобаны «StroyGazCompany» ЖШС-і жүзеге асыруда. Мердігер мекемеге аудан әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы орындау мен техникалық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында кент әкімі аппаратының және аудандық полиция бөлімінің тірек пункітінің жұмысы назардан тыс қалмады. Тірек пункітіндегі жұмыс реттілігіне қаныққан аудан әкімі қызметкерлермен жүздесіп, кентішілік тәртіп пен тазалыққа баса назар аударуды тапсырды.
Әкімшілік ғимаратында аудан басшысы кент тұрғындарын жекелеген мәселелері бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына тұрғындар өтінішін аяқсыз қалдырмай, заң аясында мәселелерді шешуде барша мүмкіндіктерді қарастыруды міндеттеді. Келген азаматтар көбіне жұмысқа орналасу, баспана алу мәселелері бойынша жүгінді.
Жұмыс сапарының соңында аудан басшысы «Алма-Рай» жеке балабақшасы, «Қамқор локомотив» жөндеу депосы және № 283 орта мектептеріне ат басын бұрып, мекемелердің бүгінгі тынысымен танысып өтті.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
Фото: Арал ауданы әкімдігі 
23 ақпан 2024 ж. 406 0