Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ СЕКСЕУІЛ КЕНТІНДЕГІ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ СЕКСЕУІЛ КЕНТІНДЕГІ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Сексеуіл кентіне жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды салалардың жұмыс барысын бағамдап, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысып өтті.Алдымен кенттегі темір жол вокзалына табан тіреген аудан басшысы нысанның іші-сыртын толық аралап көріп, темір жол бойында орналасқан сауда нүктелерінің заман талабына сәйкес еместігін ескертті. Себебі, темір жол бірінші кезекте осы жергілікті жердің тұрмысы мен мәдениетінен хабар беретін орын болғандықтан талапқа сай болуы қажеттігін алға тартқан аудан басшысы жеке кәсіп иелерімен осы мәселені пысықтауды тапсырды. Одан әрі вокзал басшысы Оңғар Төлегенов темір жол торабының жұмыс ырғағын баяндап, жолаушыларға көрсетілетін қызметтер жайын кеңінен таныстырып шықты.
Атап өту қажет, 50 жолаушыға қызмет көрсетуге арналған іргетасы сонау 1904 жылы қаланған темір жол вокзалының ғимараты да ескірген әрі халық саны 13 мыңға жуық кент үшін таршылық етіп отырғаны тағы бар. Осы ретте вокзал басшысы келер жылы күрделі жөндеу жоспарланып отырғанын жеткізді. Дегенмен, темір жол вокзалының мәселесіне назар аударған аудан әкімі алдағы уақытта қаншама ел мен жерді байланыстырып отырған маңызы зор нысанның жаңадан салынуына жұмыс жасау керектігін атап өтті.
Мұнан соң вокзалға қарама-қарсы бетте орналасқан №87 орта мектебіне барған аудан әкімі жылу беру маусымының өту барысын бақылап, білім ошағындағы білім беру процесіне куә болды. Мектеп директоры Бектұрған Таласбаев білім ұясының жай-күйін баяндап, жылу беру жағынан мәселе жоқ екендігін алға тартты. Сұйық отынмен жылытылатын нысанда отын қоры жеткілікті. Атап өту қажет, 1926 жылы іргетасы қаланып, 1975 жылы қосымша құрылыс жүргізілген мектепте бүгінде 415 бала білім алуда.
Аудан әкімі С.Сермағамбетов одан әрі "Сексеуіл» темір жол отын қоймасында болып, жағдайдың мән-жайына қанықты. Дәл қазіргі таңда көмір отынын тасымалдаушылар тарапынан вагон санының тапшылығына сәйкес кенттегі отын қоймасында көмір қоры болмай тұр. Қойма басшысы бұған дейін қажетті көмір қорына алдын ала тапсырыс берілгендігін, алайда вагон босату жағынан туындаған мәселелерге байланысты осындай қиындықтар орын алып тұрғандығын жеткізді. Аталған мәселеге баса назар аударған аудан әкімі қалайда жергілікті тұрғындарды қажетті отын қорымен қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды қабылдау жөнінде салаға жауапты орынбасары мен тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары барысында кент әкімі аппаратының және аудандық полиция бөлімінің тірек пункітінің жұмысы назардан тыс қалмады. Әкімшілік ғимаратын аралап көрген аудан басшысы кентті дамытудың эскиздік жобасымен де танысып өтті. Осы арада ауыл ардагерлері кенттегі сақалды құрлысқа айналған аурухана мәселесін тездетіп шешіп беруді сұрады. Бұған қоса, жедел-жәрдем көрсету мекемесінің орналасқан ғимаратының сын көтермейтіндігін және кенттен өрт сөндіру бекетін ашудың өзекті болып тұрғандығын қынжыла жеткізді. Атап өтілген мәселелер бойынша аурухана құрылысының жұмысын келер жылы қайта бастау бағытында жұмыстар жасалып жатқандығын тарқатып айтқан аудан басшысы жедел-жәрдем және өрт сөндіру қызметі бойынша тиісті басқармаларға ұсыныстар берілетіндігін айтты.
Мұнан соң, тірек пункітіндегі жұмыс реттілігіне қаныққан аудан әкімі қызметкерлермен жүздесіп, кентішілік тәртіп пен тазалыққа баса назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, жыл санап халық саны артып келе жатқан кентке тәртіп сақшыларының штатын арттыру қажеттігін ескертті.
Әрі қарай 1972 жылы іргетасы қаланған және 2019 жылы 100 орындық қосымша құрылысы жүргізілген кенттегі №231 мектебінің жылу жүйесін бақылап, оқу процесіне куә болған аудан әкімі білім алушылармен пікір алмасып, кітапхана жұмысымен танысып өтті.
Жұмыс сапарының соңында аудан басшысы кент аумағындағы егін шаруашылығы үшін маңызды болып келген «Құмсай» бөгетінде болып, бөгеттің қазіргі күйіне куә болды. Атап өту қажет, осы кезге дейін бұл маңайда 20-ға шақты отбасы бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысып келген. Биыл өңірде орын алған қуаңшылық салдары мен «Құмсай» бөгетінде жиналған судың тұрақтамай қалуы еген шаруашылығына кері әсерін тигізуде. Бұл мәселе кент тұрғындары тарапынан да көтеріліп отырғандығын ескерген аудан әкімі алдағы уақытта бөгетті қалпына келтіру бағытында жаңадан шлюз орнату мәселелерін талқылап, жоба жасап ұсыну жөнінде тапсырма берді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
14 қараша 2021 ж. 640 0