Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі нысандарды аралады

Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі нысандарды аралады

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов Сексеуіл кентіндегі бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, жағдайымен танысты.
Алдымен кенттегі теміржолшыларға арнап салынған тұрғын үйлерде болды. Бұл тұрғын үйлер бірнеше жыл бұрын «Қазақстан темір жолы» мекемесі арқылы теміржолшыларға арнап салынған. Дегенмен, қаржысы толық бөлінбеуіне байланысты үйлердің құрылысы аяқталмай қалған. Қазіргі таңда үйлерді ауданның есебіне алып, құрылысын аяқтау мүмкіндігі қарастырылуда. Үйлердің бірқатары тек ішкі жөндеу жұмыстарын қажет етсе, кейбірінің қабырғалары ғана қаланып, төбесі жабылмаған күйде қалған.

Аудан басшысы 2 пәтерлі тұрғын үйлердің ауласы мен ішін аралап, бөлмелердің бөлінуін көрген соң жауапты басшыларға құрылысты аяқтау үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Одан соң кенттегі электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына дайындық барысымен таныс болды. Атап өтейік, кенттегі 25 шақырым болатын электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жақын күндері басталады деп күтілуде. Қазір электр бағаналарымен бірге барлық қажетті заттары жеткізілген. Аудан басшысы аудандық электр торабын тарату мекемесінің жауапты мамандарына белгіленген жұмыстарды уақытылы бастап, сапалы жүргізілуін бақылауға алуда тапсырды.

Мұнан кейін жаңа оқу жылында пайдалануға берілген № 283 орта мектебіне барып, жылу берілу жағдайын бақылады. Білім ошағы сұйық отын арқылы жылытылады. Отын қоры жеткілікті мөлшерде жеткізілген. Ғимаратқа бірер күн бұрын жылу беріле бастаған.

Аудан басшысы мектеп директорына жаңа білім ошағының жылытылуын қатаң бақылап отыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар мектеп ауласы мен кіре берін жолдың екі жағына көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын қолға алуды ұсынды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

10 қазан 2021 ж. 542 0