Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі бірқатар нысандарды аралады

Аудан әкімі бірқатар нысандарды аралады

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып шықты.

Алдымен аудан орталығындағы балықты тереңнен өңдейтін «Аквакультура ЛТД» ЖШС-де болды. Қазіргі таңда бұл нысанның құрылысы аяқталған. Балықтың жон етін шығаруға бағытталған өндіріс орнының қуаттылығы жылына 4 мың тонна балық өнімдерін шығаруға мүмкіншілігі бар. Цехта барлық құрал-жабдықтар, қатыру құрылғылары орнатылған. Жақын күндері балық сүбесін өңдеу цехы іске қосылып, жұмысын бастайды деп күтілуде.

Биылғы жылы Арал қаласынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй бой көтерген болатын. Аудан басшысы бүгінде құрылысы аяқталған тұрғын үйлерге барып, жаңа баспананың жағдайын көрді. Атап өтейік, бұл тұрғын үйлерді алушылар үшін құжаттар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы рәсімделеді.

Мұнан кейін аудан әкімі Жақсықылыш кентіне барып, «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында кенттегі №19 орта мектебіне қосымша салынып жатқан 100 орындық жапсаржайдың және «Аралтұз» АҚ-дағы бесінші цехтың құрылысымен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне құрылыстың сапалы жүргізілуін тапсырды.
Одан соң Шижаға елді мекеніндегі мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында салынған дәрігерлік амбулаторияға барды. Әлеуметтік нысанның құрылысын бас мердігер «Алемстрой-1» ЖШС сапалы орындап шықты. Бұл нысан да жақын арада тұрғындар игілігіне пайдалануға берілетін болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
11 желтоқсан 2020 ж. 787 0