Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 40 жылқы қатысады

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 40 жылқы қатысады

Әлем көз тіккен көшпелілер ойындарында дәстүрлі бәйгеден еліміздің атынан 40 тұлпар қатысады. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде 24 тұлпар таңдап алынды. Ал қалған жүйріктер осыған дейінгі көрсеткіштері арқылы жолдамаға ие болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстаулық атбегі Әлеке Досқуатұлының баптауындағы Ғасыр – дүбірлі додаға жолдама алғандардың бірі. Ол Павлодарда өткен іріктеуде алдына қара салмай, бәйгенің жеңімпазы атанды. Енді бапкер осы нәтижені байрақты бәсекеде қайталауға ден қойып отыр.

Айтулы бәсекеде құнан бәйге 11, аламан бәйге 25, топ бәйге 18 шақырымға созылады. Ал жорға жарыс 9 шақырымда жарысады. Қазір қазақ атбегілер ғана емес, көрші елдер де дәстүрлі бәйгеге тыңғылықты дайындалып жатыр. Айта кетейік, шетелдік командалар бәйгенің әр түріне тек 3 тұлпардан қоса алады.

Аталған байрақты бәсекеде ұшқыр бәйгенің 3, ал дәстүрлі бәйгенің 4 түрі болады.

Еске салайық, 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Дүбірлі жиынға 89 елден спортшылар қатысады. Ойынға қатысушылар 21 спорт түрінен бақ сынайды.

Сурет: ашық дереккөз 
22 тамыз 2024 ж. 89 0