Өңірлерден басталған «Бірлік Керуені» елордаға жетті


«Биыл еліміз 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдап жатыр. Бейресми түрде дүбірлі доданы Көшпенділер Олимпиадасы деп те айтады. Ал дәстүрге сәйкес, Олимпиада, Азиада, Универсиада секілді ауқымды спорттық іс-шараларда Алау эстафетасы ұйымдастырылады. Бұл – ірі жарыстардың ажырамас бөлігі. Біз осы бір игі дәстүрді қазақ халқының дәстүр-салтына лайықтап, жаңаша форматта өткізуді жөн көрдік. Көшпенділер ойындарының негізгі элементі – қасиетті нышаны су. Сондықтан бүгін еліміздің әрбір өңіріндегі қасиетті бұлақтардан алынған су арнайы керуенмен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына жеткізіліп отыр», - деді Туризм және спорт министрі.
Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. Қазіргі таңда Ойындарға қатысушылар мен туристер дүбірлі доданы тамашалау үшін Астанаға арнайы келіп жатыр.
Айта кетейік, 8-13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салады.