Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Машина жасаушылар күні

Бүгін – Машина жасаушылар күні

Бүгін елімізде Машина жасаушылар күні аталып өтеді. Кәсіби мереке алғаш рет 1981 жылы КСРО кезінде тойланған. Кеңес одағы тарағаннан кейін бұл мерекені Беларусь, Қырғызстан, Ресей елдері де өз күнтізбелерінде қалдырды.

2017 жылғы 31 қазанда ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысымен қыркүйектің соңғы жексенбісі Машина жасаушы күні ретінде бекітілген.

Машина жасау – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Оны қарқынды дамыту – еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл тек автомобиль өндірісін ғана емес, электр, теміржол жабдықтарын, тау-кен мұнай-газ, ауыл шаруашылығы машиналары сынды күрделі 40-қа жуық саланы қамтиды. Бұл салада шамамен 120 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Былтыр елімізде Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Құжат ауыл шаруашылығы, теміржол, энергетика және электротехника, тау-кен-металлургия және мұнай-газ машина жасау, автомобиль мен авиақұрылыстағы проблемаларды одан әрі шешуге, қолданыстағы өндірістердің тиімділігі мен бәсекелестік артықшылықтарын арттыруға, салық базасын жоғарылату, әлемдік экономикаға уақтылы қосылуға мүмкіндік береді.

Сондықтан кешенді жоспар отандық экономика үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл құжат отандық өндірушілерді қолдауға және елдің машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Кешенді жоспар ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңын практикалық іске асыру мәселелерін, елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының негізгі ережелерін, өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Мемлекет басшысының ел экономикасын әртараптандыру және индустрияландыру жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып әзірленген.

«Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ дерегінше, машина жасау саласындағы негізгі мамандар бойынша 2024 жылдан 2028 жылға дейін қажеттілік 7 мыңнан астам адамды құрайды. Кешенді жоспарда машина жасау саласындағы дуальды оқуды дамыту бойынша еуропалық тәжірибені зерделеу, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беруді ұйымдастыруда озық тәжірибені одан әрі енгізу жөніндегі іс-шаралар қарастырылған. Ал жоспардың өзін қаржыландыруға бюджеттен 1,4 трлн теңге қарастырылған.

Ақпарат көзі: baq.kz
Сурет: www.lat.egemen.kz
29 қыркүйек 2024 ж. 53 0