Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тәрбиесіз, жетесіз»: Түркістанда асылып өлген оқушы хатында 2 мұғалімнен қорлық көргенін жазған

«Тәрбиесіз, жетесіз»: Түркістанда асылып өлген оқушы хатында 2 мұғалімнен қорлық көргенін жазған

Енді полиция қызметкерлері хатта көрсетілген барлық адамдарды тексеруге көшті. Түркістан облысында 14 жасар оқушының өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Жасөспірім өткен аптада соңғы хатын қалдырып, асылып өлген болатын. Енді полиция қызметкерлері хатта көрсетілген барлық адамдарды тексеруге көшті. Себебі, өзіне қол салған жас өскін ақырғы хатында өз мектебінің екі мұғалімінен үнемі қорлық пен мазақ көргенін жазып кеткен, деп жазады ktk.kz
Қайтыс болған Жәнібек Жүзтайдың үйіне бүгін тағы да келісімге келушілер келіп кетті. Олар мектеп оқушысының ақырғы хатында аты аталған мұғалімдер үшін кешірім сұрап келген. Бірақ баланың анасы кешірім бермейтін көрінеді. Ал қара жамылған отбасының кешірімін ала алмаған әйелдер бастары салбырап, үйлеріне көңілсіз қайтты.
Бұл Жүзтай отбасындағы екінші қайғылы жағдай. Қаламқас екі ай бұрын ғана 8 жасар ұлын жер қойнына тапсырған болатын. Ол аурудан қайтыс болған екен. Ал өткен аптада Қаламқас жазғы асүйге кірген кезде үлкен ұлының асулы тұрған денесін тапқан. Өзіне қол салған оқушы соңғы хатын да сол жерде жазған көрінеді. Онда ол не себепті бұл өмірмен қош айтысуға бел буғанын жазып кеткен.
«Айсұлу Баратова мен Жанар Баратова мені үнемі қорлайды. Мені «тәрбиесіз, жетесіз, арамтамақ, жексұрын» деп атайды. Соңғы үш жылда анамды да солай атап келді. Анашым, мен үш жыл бойы осы сөздерді естуден шаршадым, өлгім келеді. Мен олардың бізді неге бұлай қорлайтынын білмеймін», - деген оқушы соңғы хатында.
Сөйтсе, бұл қорлықтың барлығы әкесі қайтыс болғаннан кейін басталған екен. Себебі, оқушы соңғы хатында аты аталған әйелдердің өзінің жетім екенін үнемі есіне салып, бетіне басып келіпті. Ал кішкентай бауырының қазасы жайлы тіпті, «сауап болды өлгені» деп келемеждеген көрінеді.
«Олар ақсақалдар мен туыстары арқылы бізден кешірім алғысы келеді. Бірақ біз мүлдем кешірмейміз. Хатта жазылған мәселе не болады, онда бәрі анық жазылған. Енді олар заңға сәйкес қатаң жауап берсін. Өздері соған лайық», - дейді Жәнібек Жүзтайдың ағайы Бақыт Қалдыбеков.
Айта кетсек, хатта есімі аталған екі мұғалім де мектеп жүйесінде шамамен, 20 жылға жуық жұмыс істеп жүрген апалы-сіңлілер болып шықты. Олардың бірі тарих пәнінің мұғалімі болса, екіншісі бастауыш сыныптарға береді. Екеуі де мектептегі жұмысын жалғастыруда. Соған қарағанда, олардың кәсіби қасиеттері әлі күнге сұрақ туғызбаған көрінеді.
«Қазір тергеу жүргізілуде, сондықтан біз ештеңе айта алмаймыз. Бәрі болған оқиғаға таңғалып отыр. Біз тіпті, не ойлайтынымызды білмейміз. Оқушыда ешқандай пессимистік әрекеттер байқалмаған еді. Бала белсенді, спортшы болған»,- дейді Шардара ауылындағы Әлімбетов атындағы мектеп директорының орынбасары Бактыгүл Өтегенова.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жұмада Түркістанда мектеп оқушысының асылып өлгені жайлы жазған едік.
almaty.tv
19 наурыз 2019 ж. 1 354 0