Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапханашы – рухани қазына шырақшысы

Кітапханашы – рухани қазына шырақшысы

Аудандық мәдениет үйінде 24 қазан – Кітапханашылар күніне орай «Кітапханашы – рухани қазына шырақшысы» атты мерекелік кеш өтті.
Кештің шымылдығы өңіріміздегі кітапханалар тынысы жайындағы бейнероликпен түріліп, «Әбе әлеміне енген шақ» тақырыбындағы әсерлі прологпен жалғасты.
Жастардың рухани өміріне, жақсы бастамалар мен жарқын болашаққа жол ашып жатқан білімнің шырақшысы бола білген, ерен еңбегінің арқасында бүгінде ардагер кітапханашы атанған бір топ қауым мерейлі мерекеде құрмет төрінен табылып, гүл шоқтарын иеленді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, жиылғандарды мерекемен құттықтады.
– Құрметті кітапханашылар Сіздерді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке 2022 жылдан ресми мерекелер санатына еніп, атап өтіліп келеді. Мерекенің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және Өздеріңіз секілді мамандарды кәсіби аренада ынталандыру болып табылады. Біз біріншіден бұл мерекені тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін жандардың мерекесі ретінде бағалаймыз. Білімді ұрпақ, жасампаз қоғам қалыптастыру жолындағы табанды еңбектеріңіз жемісті болсын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және кәсіби жетістіктер тілеймін, – деп ізгі лебізін білдірді.
Шара барысында жемісті еңбек етіп келе жатқан сала үздіктері облыс әкімінің Алғыс хатымен, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Қазақстандық Кітапханалық Одақтық «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен, ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет Грамотасымен», «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен және аудан әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Кітапханашылар мерекесімен ел ағалары, өңірімзге танымал ақын-жазушылар онлайн бейне құттықтау жолдап, жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
23 қазан 2024 ж. 67 0