Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Назарбаев Астана атауын өзгертуге байланысты: Адам ретінде риза болдым...

Назарбаев Астана атауын өзгертуге байланысты: Адам ретінде риза болдым...

Депутаттар Конституцияға елорданың атауын өзгерту туралы түзету енгізді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
Үш жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордаға өзінің есімін беру туралы ұсыныстан бас тартты.
2016 жылдың қараша айында парламент депутаттары Астананы Нұрсұлтан деп атау бастамасын көтерген болатын.
"Бұл туралы талай айтқанмын. Мен айтқызып отыр деп ойлайтын шығарсыздар. Нұр, Нұрлы деп жазып жатыр. Кеше парламент Астананы менің атыммен атауды ұсынды. Өз басым мұндай бастама көтерген де, айтқан да емеспін", - деді Елбасы осыдан үш жыл бұрын.
Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев өзіне реформа жүргізуге көмектескен әріптестері мен жақтастарына алғысын білдірген еді.
"Адам ретінде риза болдым. Парламент – биліктің жеке тармағы. Олардың шешім қабылдауға, пікірін білдіруге құқығы бар. Қалалардың, елді мекендердің атауын өзгертуді және тағы басқа кез келген мәселені бәріміз ақылдасып, мемлекет үшін, ел үшін не маңызды деген көзқарас тұрғысынан қарастырып, шешім қабылдаймыз", - деп Елбасы Астана атауын Назарбаев деп өзгертуге қарсылық білдірді.
Бұдан бұрын Астана қаласына Қазақстанның тұңғыш президентінің есімін беру туралы ұсыныс Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай декларация қабылдау бойынша өткен парламент палаталарының бірлескен отырысы кезінде жасалған болатын.
Айта кетсек, бүгін 20 наурызда өткен бірлескен отырыста парламент мүшелері бірауыздан қабылдаған Қазақстан Конституциясына енгізілетін түзетулерге сәйкес елорда атауын өзгерту референдумсыз жүргізілетін болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Астанада бірқатар нысандар аталған. Халықаралық әуежайға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген, 2017 жылы Алматыдағы бұрынғы Фурманов көшесінің атауы да Назарбаев даңғылы болып өзгертілді.
www.qamshy.kz
20 наурыз 2019 ж. 1 260 0