Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙ МӘРТЕБЕСІ МӘҢГІЛІК

МЕРЕЙ МӘРТЕБЕСІ МӘҢГІЛІК

Бүгін өтіп жатқан «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты шаралардың жалғасы «Мерей мәртебесі мәңгілік» деген атаумен жалғасын тапты. Басқосудың басты себебі, кеш қонақтары Арал толқынынан нәр алып, ғылым мен тарихқа ерекше үлес қосып жүрген жерлестеріміз, ҚР «Білім беру ісінің Үздігі» төс белгісінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, профессор Берекет Кәрібаев және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосанов 60 жас мерейтойы.
Рухани бағытта бастау алып, көрермендердің жерлестерге деген құрметтін арттырған шарада аудан әкімі А.Оңғарбаев сөз алып, мерейтой иелерінің ғылым мен өркениетке қосқан үлесін айрықша атап өтті.
– Қадрілі ағайын, бүгін Аралдың қос ғалымының 60 жас мерейтойына орай бас қосып отырмыз. Биыл атап өтіп жатқан Әбенің 100 жылдық мерейтойынан өзге алты Алашқа белгілі Аралға да ортақ өзге де даңқты тұлғалар бар. Әйтеке бидің 380 жылдығы, Жанқожа батыр мен Сапақ бидің 250 жылдығы, Арал батырдың 200 жылдығы. Бұл ұрпақтар санасына серпін беретін мерекелік іс-шаралар. Қазақ деген тағдырлы халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін шұрайлы тіл, кемел ойымен көркем кестелеген кемеңгердің 100 жылдық мерейтойы аясында шымылдық түрген «Мерей мәртебесі мәңгілік» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер! Бүгін мерейтой иелерінің соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектері мен жыр жинақтарының тұсаукесеріне де куә боламыз. Сонымен қатар бірқатар жерлестеріміз марапат төрінен табылып, ерекше құрметке ие болады, – деп ізгі тілегін білдірді аудан әкімі.
Шара барысында ауданды түлету мақсатында қолға алынған байыпты бастамаларды іске асырып, ел дамуына ерекше еңбек сіңірген биология ғылымдарының докторы, профессор, еңбек ардагері Кенебай Қожахметов, құрылыс саласының ардагері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Муфтолла Дабылов және «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағаның иегері, журналистика саласының ардагері, «Үздік журналист», II-III Орта Азия Экологиялық фестивальдерінің жүлдегері Жаңабай Кемалов сынды азаматтар ауданның жоғарғы марапаты «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын алды.
Кешті одан әрі филология ғылымдарының кандидаты, ғылымда өзіндік із қалдырған ғалым, араб және түркі әлемінің мәдениеті мен рухани құндылықтарын зерттеуші Тұрғанбаев Асқар Әбдуәлиұлы тізгіндеді.
Басқосу барысында жұртшылық назарына ҚР «Білім беру ісінің Үздігі» төс белгісінің иегері, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық академиясының академигі, профессор Берекет Кәрібаев пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнеролик ұсынылды.
Мұнан соң жиналған жұртшылық мерейтой иелері Берекет Кәрібаевтің «Тұлға мен тұғыр» және Серікбай Қосановтың «Қазақ хандығының басқару институттары» атты кітаптарының тұсаукесер рәсіміне куә болды.
Басқосу соңында мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Саржанов, Берекет Кәрібаевтың туыс ағасы, ардагер ұстаз Қ.Мәлімбаев, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің өкілі, белгілі заңгер Н.Тұржанов және тарихшы Б.Қуатов сынды бір топ азаматтар мерейтой иелеріне ізгі лебіздерін жеткізіп, ерекше құрмет көрсетті.
08 қараша 2024 ж. 66 0