Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ҚАЗЫНАСЫН ТОЛТЫРҒАН ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ

АУДАН ҚАЗЫНАСЫН ТОЛТЫРҒАН ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ

Егемендігімізді еншілеген соң, 1993 жылы 12 қарашада ұлттық валюта енгізу туралы жарлыққа қол қойылды. Үш күннен соң, нақтырақ 1993 жылы 15 қарашадан бастап Қазақстанның ұлттық валютасы қолданысқа енгізілген еді. Ал 1997 жылы 15 қараша Ұлттық валюта – теңге күні деп жариялаумен ерекшеленді. Бұл күн жыл сайын қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі.
Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тарихын мейлінше терең таныта білген банкноталар болды. Себебі, теңгенің қас беттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тарихи сәулет нысандары енді. Банкноталардың дизайнын жасау барысында тарихи тұлғалар таңдалып болғаннан кейін суретшілер екінші проблемаға тап болған. Себебі  олардың шынайы түр-бейнесін табу қиынға соқты. Қиындығы сол, тарихи тұлғалардың басым бөлігінің суреттері болмаған. Мысалы, Әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Өз уақытында бұл сурет КСРО Ғылым академиясының стандарты болып бекітілген. Алайда оның өзін ғалымдардың шығармаларынан, мұрағаттан іздеп табу қиынға соқты. Әбілхайыр ханның суреті ағылшын саяхатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылса, Абылайханның бейнесі орыс көздерінен алынған. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтен келген.
1993 жылдың 15 қарашасында айналымға шыққан Теңге ұлттық экономиканың басты құралы, мемлекеттік ақша жүйесінің негізі атанды. Төл валютаны енгізу – егемен елдің экономикасын құру бағытындағы үлкен істің бастауы, экономикамыздың сол кезде қалыптасқан құрылымы мен ерекешеліктерін ескере отырып, тәуелсіз қаржы-несие саясатын жүргізудің мүмкіндігі еді. Ұлттық валютамыз өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де сенімді беделге ие бола бастады. Өз валютамыздың болуы Ұлттық банкте тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, өзінің негізгі міндеті ұлттық валютаны тұрақтандырумен, яғни инфляция қарқынын бәсеңдету және бағамды тұрақтандыру мен айналыса бастады.
Бұл жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты әрі жүйелі жалғасатыны жалпыға белгілі. Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында да бірінші мәселе ретінде "Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет" деп мәселе көтеруі, бастама жасауы осының анық көрінісі.
Әлемнің дамыған елдерінің бірі – неміс халқы, "Шетелдің бір теңге тұратын тауарын сатып алғанда өз еліңе бір теңге зиян келтіретінің ұмытпа. Сенің ақшаң тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуі керек" деген ұстанымды ұранға айналдырған екен. Егеменді еліміздің және ауданымыздың экономикасының нығайуымен дамуына бағытталған, бюджет қаражатын тиімді және мақсатты жұмсалуына еңбек сіңіріп жатқан Қаржы саласы қызметкерлері алдағы уақытта да дәл осындай көзқараспен алға басар болса, онда елдің дамуы еселеп артатыны сөзсіз.

Раш СЕРАЛИЕВА,
Арал аудандық қазынашылық басқармасының басшысы
15 қараша 2024 ж. 66 0