Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жаңа форматтағы СуперХҚКО ашылды

Қызылордада жаңа форматтағы СуперХҚКО ашылды

Қызылорда қаласында жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталығы – СуперХҚКО-ның ресми ашылуы өтті. Салтанатты шараға ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжегалиев қатысты.
Жаңа форматтағы СуперХҚКО – бұл тұрғындарға барлық мәселелерді бір жерде жылдам әрі ыңғайлы шешуге мүмкіндік беретін көпфункционалды инфрақұрылым. Енді азаматтарға түрлі мекемелерге барудың қажеті жоқ, себебі бұл жерде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар шоғырланған.
Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынған: кең бөлмелер, ыңғайлы навигация, заманауи дизайн және цифрлық технологиялардың енгізілуі қызмет алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Барлық жағдай келушілердің уақытын үнемдеп, қызметті барынша жайлы алу үшін ұйымдастырылған.
«СуперХҚКО – бұл халыққа қызмет көрсету жүйесінің жаңа стандарты. Олар азаматтардың ең бағалы ресурсы – уақытын үнемдеуге көмектесіп, қызметтерді қолжетімді, ашық және сапалы түрде ұсынады. Бұл – азаматтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеалиев.
Шара барысында Цифрлық даму министрі Қызылорда облысындағы «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының қызметімен, сондай-ақ алдағы жоспарларымен және даму перспективаларымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, СуперХҚКО Қызылорда қаласы, Ғ. Мұратбаев көшесі, 2Е мекенжайында орналасқан. Бұл осындай форматтағы Қазақстандағы екінші орталық. Алғашқысы Қарағанды қаласында ашылып, өзінің тиімділігін дәлелдеді.
26 желтоқсан 2024 ж. 45 0