Жаңа жыл қарсаңындағы жылы жүздесу
Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірдің ардагерлері мен ерекше күтімді қажет ететін жандарға барып, облыс әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, мерекелік сый-сияпат табыстады.
Ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Арал қаласының тұрғыны, 1 топ мүгедегі Гүлназ Құрманиязованың шаңырағына барды. Еңбек жолын «Қазақтелеком» АҚ-да телефонист ретінде бастаған Гүлназ 4 баладан 5 немере сүйіп, ұрпағының қуанышына бөленіп отыр. Мемлекет тарапынан ерекше күтім мен қолдау шаралары тұрақты түрде көрсетілуде. Ол жеке көмекші қызметімен, тифло-техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, жыл сайын санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігіне ие.
Одан әрі Нұрмұхамет Омарұлы Жақсықылыш кентінде тұратын тыл және еңбек ардагері Ильясова Маржан апаның шаңырағына ат басын бұрды. Маржан апаның өмірлік серігі, Ұлы Отан соғысының ардагері Ильясов Әзбергеннің есімі ұрпаққа үлгі. Қария ана бүгінде 5 баладан тараған 18 немере, 61 шөбере және 5 шөпшектің бақытты әжесі атанып отыр. Ардагер анаға ақ жаулық пен мерекелік сый-сияпат табысталып, құрмет көрсетілді.
Жылдар жігіндегі жанашырлыққа толы жылы жүздесу Өтебаевтар әулетінде де болды. Көп балалы ана Айназарова Акшолпан 9 баланы өмірге әкелген. Аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев жаңа жыл қарсаңында шуақты жанұяда болып, аймақ басшысының мерекелік Құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыстады.
Өз кезегінде елдің амандығын тілеп, ақ ниетін арнаған аяулы жандар келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі