Атырау әуежайында келіншекке абайсызда оқ атып жіберген полицей жұмыстан қуылды

Департаментте хабарлағандай, Атырау әуежайында қарудың еріксіз атылуына қатысты қылмыстық тексеру жұмыстары жүргізілді.
Кінәлі полиция сержанты Мамбетияров полиция қызметкері атағының беделін түсіргені үшін ішкі істер органдарынан қуылды.
Оған қоса, тәртіп сақшысының тікелей басшысы да қызметінен босатылды. Бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
"Атырау бекетіндегі Желілік полиция бөлімінің басшылығына зардап шеккен Наталья Дажукке қажетті көмек көрсету тапсырылды", - деп атап өтті полицияда.Сондай-ақ, қазіргі уақытта зардап шегушінің жағдайы қанағаттанарлық екені, бүгін ол ауруханадан шығарылғаны мәлім болды.
Департаменттің жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
"Көліктегі полиция департаментінің басшылығы болған оқиғаға өкініш білдіреді, сондай-ақ Н. Дажук ханымға барлық қажетті көмек көрсету бойынша міндеттемелерді өзіне алады" - деді көліктегі полиция департаментінің басшысы Аманжол Қабылов.Айта кетейік, күні кеше Атыраудағы халықаралық әуежайда полицей абайсызда келіншектің аяғына оқ атып жіберген.