Білімге берілген басымдық
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде "Биыл "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғырудан өтеді" деп баса тоқталды.
Иә, бүгінде мемлекет тарапынан білім беру саласына қолдау жоғары. Мектеп жасындағы бабалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың істеліп жатқанына куә болып отырмыз.
Нақтырақ айтар болсақ биыл жылдың басында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Жайлы мектептің ашылуына куә болдық. 300 орындық Аралдағы «Жайлы мектептің» құрылысын «Бақ-Береке-2030» серіктестігі жүргізіп, пайдалануға табысталса, мұнан бөлек Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2020 жылы «NTDK Group» ЖШС-ның техникалық қорытындысы бойынша мектеп ғимараты апаттық жағдайда деп танылып, «Баспана Қызылорда» ЖШС-ның сараптамасы негізінде ғимаратты бұзып, қайта салу қажеттігі анықталған. Қазіргі таңда негізгі оқу корпусы пайдалануға берілген. Спорт, акт залдарына, сынып кабинеттеріне сейсмикалық белдеу құйылып, күрделі жөндеу жүргізілуде. Мұнымен қоса 1-9 сыныпта оқитын 46 оқушы бар Ақшатау елді мекенінде жаңа мектеп ашылды. Ақшатау елді мекенінің Аманөткелдегі мектеп жанындағы интернатқа жатқызылған 5-11 сыныптардағы оқушылары апта сайын үйлеріне апарып және алып қайтатын уақытта дария үстіндегі қалқымалы көпірден өтеді. Көктем және қыс айларында мұз қату және сең жүрген уақыттарда жол қатынасы қиындап, 25 шақырым жолдың орнына маңайдағы Ескіұра және Қызылжар елді мекендері арқылы 75 шақырым жолды айналып өтуге мәжбүр болатын. Енді сол қиындықтардың барлығы артта қалып, жаңа мектепте білім алуға мүмкіндік алды.
О. ЖОЛДАСОВ