Аудан әкімі футбол федерациясының мүшелерін қабылдады
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Қызылорда облысының футбол федерациясының президенті Болат Көшербаев пен федерацияның атқарушы директоры Жақсылық Оспановты қабылдады. Кездесу барысында ауданда футбол федарациясының қоғамдық бірлестігін ашу және оған төраға тағайындау мәселесі көтерілді.
Тараптар арасында болған келіссөзде ауданда ашылатын футбол федарациясы қоғамдық бірлестігінің төрағасына кәсіпкер, жергілікті жердің азаматы Нұрлан Серікқалиевтің кондидатурасы ұсынылды. Бұл азамат футбол спортынан алыс емес. Осы кезге дейін ала дөп бәсекесіндегі тартыстарда төбе көрсетіп, көптеген ойындарда жергілікті командаларға лайықты қолдау білдірген.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы федерация мүшелерінің ұсынысына әркез аудан әкімдігі тарапынан қолдау болатынын айтып, аудан спортын соның ішінде футболды дамытуда кешенді шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Кездесуде Қызылорда облысының футбол федерациясының президенті Б.Көшербаев облыс көлемінде футбол спортын дамыту және облыстық футбол федерациясының жылдық іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда жұмыс жасап жатқан 2 спорт мектепте футбол үйірмесі бойынша 7 жаттықтырушы бар. 2023 жылы әуесқойлар футбол лигасы құрылып, нәтижесінде аудан көлемінде «Қысқы», «Жазғы» және «Junior» лигаларының турнирлері мен жоспар бойынша даталы күндерге сай есімі елге мәлім азаматтарды еске алуға арналған жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Мұнан бөлек ауданымыздың футболдан ересектер құрама командасы өткен жылы Қызылорда облысының ХІ облыс чемпионатында үздік ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Бұл ойында мектеп оқушылары да шетқақпай емес. Айталық Республикалық Ұлттық мектеп Лигасының 9-11 сынып ер балалар арасындағы футзалдан «Теңбіл доп» жарысында Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінің командасы чемпион атанды. Әр облыстың үздіктері қатысқан бәсекеде аймақ намысын қорғаған мектеп футзалшылары қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.
Осы сынды жетістіктер бүгінде ауданның футбол спортында басқалардан қалыс емес екенін байқатады.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі